389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда 30 млн блогер тіркелген

  • 346
  • UPD: 12:14, 05.06.2019

Оңтүстік Кореяда шамамен 30 млн блогер тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – жергілікті блогерлер Ассоциациясының мәліметі. Егер таңғы шық елінде 50 млн адам тұрса, әрбір екінші тұрғынның интернетте өз парақшасы бар деген сөз.

Мин Кен Ханың әр минуты алдын ала жоспарланып отырады. Күнде түсірілім, жарнама берушілермен кездесу сияқты жұмыстардан қолы босамайды. Ал кешкісін үйде бейнемонтажбен айналысып, одан қалды жеке парақшасына жазылған адамдармен байланысқа шығады. Ісі қауырт. Соған қарай табысы да қомақты. Қазір тіпті жеке директоры мен режиссеры бар. Сауатты жасалған бейнеролик мыңдаған доллар табыс әкелсе, оның дәуірі жүргені емес пе.

Мин Кён Ха, блогер:

– Бейнеролигімді миллион адам қараса, 200-300 доллар табыс түседі. Егер ағылшын тілінде сөйлейтін елдер үшін немесе Жапонияға жасалса, табыс 10 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан бұл жұмыспен айналысқан барлық досым негізгі жұмыстарын тастап, тек ютубпен ғана нәпақа тауып жүр. Аптасына бар жоғы бір-екі рет ғана бейнеролик салып отырады.

Кён Ха корей косметикасын жарнамалаумен ақша табады. Орыс тілін жақсы меңгергендіктен, парақшасына жазылғандардың басым бөлігі – Қазақстан мен Ресей тұрғындары. Қазір оның инстаграмына 158 мың, ал ютуб парақшасында 500 мың адам тіркелген. Кён Ханың айтуынша, бұл жұмысы алғаш рет Алматы мен Мәскеудегі өмір жайында түсірген бейнеролигінен басталды.

Мин Кён Ха, блогер:

– Қазақстанға барғым келеді. Естуімше, қазір Қазақ елі қарқынды дамып келеді. Құрт жасайтынын білемін, өзге тағамдарының да дәмін татып көрсем деймін.

Блогерлік іспен кез келген жаста айналысуға болады. 72 жастағы Пак Мак Нэнің жұмысы бұған дәлел. Қоғаммен қарым-қатынас болмаса, есте сақтау қабілетінен айырылуы мүмкін деген дәрігердің кеңесінен кейін Пак Мак Нэнің өмірі туралы мемуарларын немересі ютуб желісіне сала бастаған. Парақшасында қазір 900 мың адамы бар. Егде жастағы әйел тіпті Гугл мен Ютубтың басшыларымен де кездесіп үлгерген.

Мин Кён Ха ютубта табыс табамын деушілерге үнемі видео салып отыруға кеңес береді. Айтуынша, Кореядағы жарнама берушілер роликті қанша адам қарағанына емес, аудиториясы неғұрлым көп адамға төлейді. Кён Ха болашақта Қазақстан, Ресей мен Кореядағы видеоблогерлерді корей компанияларына таныстыруды жоспарлайды. Осылайша үш елдің өзара тауа айналымын арттыруды мұрат етеді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы