384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда көлік министрлігі жолдар үшін ақы алуды ұсынды

  • 144
  • UPD: 13:24, 25.06.2019

Күре жолдарды қолдану үшін ақы алуды Көлік министрлігі ұсынған. Түскен қаражат жаңа жолдар салумен қатар қолданыстағыларын тиісті жағдайда ұстап тұруға жұмсалмақ.

Көлік министрлігі күре жолдарды салып, олардың жұмысын қадағалап, қажет жағдайда жөндеп тұрады. Осы шығынның барлығын  мемлекет бюджеті өтеп келеді. Енді Көлік министрлігі қажетті соманың бір бөлігін көлік жүргізушілеріне артуды көздеп отыр.

Нұрлан Қайынбаев, Қырғызстан Көлік және жолдар министрлігінің кеңесшісі:

- Ақы алынатын жолдардың тарифі елдегі орташа жалақы мөлшеріне байланысты болады, яғни халыққа ауыр тимеуі тиіс. Жүк көліктері мен автобустарға тариф төменірек болады. Жүк көліктері бір шақырым үшін шамамен 6 сом төлейді.

Көлік министрлігі ең алдымен халықаралық күре жолдарды ақылы етуді ұсынып отыр. Алайда тасымалдаушы компаниялар осы ақыны өз шығындарына қосып, тұтынушыларға артса, қарапайым көлік жүргізушілері өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады.

Асан Абиев, көлік жүргізуші:

- Ақылы жолдар пайда болса, олар барынша жабдықталуы тиіс. Олар түн кезінде толық жарықтандырылып, жол белгілері орнатылуы керек. Жолдың сапасы да өте жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ көлік жүргізушілер таңдай алатын тегін жолдар да қарастырылуы шарт.

Көлік министрлігі жүргізушілердің наразылығына дайын. Біріншіден, жолдар үшін ақы біртіндеп енгізіледі. Алдымен тасымалдаушы компаниялар үшін, одан кейін ғана жеке меншік көліктер төлейтін болады. Дегенмен Қырғызстандағы бұл жаңашылдық жақын арада жүзеге аспайды. Оларды енгізу 2025 жылға жоспарланып отыр. Экономистер тиісті жұмыстар атқарылғаннан кейін түскен табыс жолдарды жөндеуге кететін қаражаттың 30% өтейтіндігіне сенімді.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы