384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украиналық студенттердің 45 пайызы қосымша жұмыс істейді

  • 114
  • UPD: 14:47, 10.07.2019

Жаз мезгілінде Украина студенттері де қол қусырып отырмайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елде студенттердің 45 пайызы қосымша жұмыс істейді. Мемлекеттік жанұя және жастар саясаты институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі осындай.

18 жастағы студент Алла Курганская сабақтан тыс уақытта бала күтушісі қызметін атқарады. Жас қыз тірнектеп жинаған ақшасын саяхаттауға жұмсайды екен. Сағатына шамамен 3 доллар алатын Алла қолы қалт еткенде жарнама мәтінін жазып, екінші жұмысты да ерінбей еңсеруді әдетіне айналдырыпты. Ал Аллаға жұмыс беруші Елена «студенттің күші мен еңбекке деген құлшынысы жоғары» дегенді айтады, сол үшін баласын бағуды осы қаршадай қызға сеніп тапсырған екен.

Алла Курганская, студент:

– Бала күтушісі қызметінен жинаған қаражатымды саяхатқа жұмсаймын. Испанияның Мадрид қаласы, Италияның Миланын және Грекияның Афина шаһарында болдым. Бала күтушісі ғана емес, мәтін жазып, қосымша журналист-фрилансер қызметін атқарамын.

Елена Разумова, жұмыс беруші:

– Адамның тәжірибесі артқан сайын, кейде өз ісі жалықтырып жібереді. Жұмысы ауырлай бастайды. Ал студентті жұмысқа алсаңыз, бәрі басқаша, олардың өмірге деген көзқарасы бөлек, құлшынысы жоғары. Сол үшін біз студентке жұмыс бердік, күші көп, ынтасы жоғары, баламен бала болып ойнап кетеді.

Әсіресе жылдың жылы айлары Украина студенттері үшін жұмысқа ең қолайлы. Жарнама агенттіктері, жылдам тамақ дайындау орындары, Алла сияқты бала күтушісі, сатушы дейсіз бе, еңбек нарығындағы қызметтің түрі сан алуан.

Украинаның мемлекеттік жанұя және жастар саясаты институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі студенттердің жартысына жуығы қосымша жұмыс істейтінін көрсеткен. Сауалнама Киевтегі 14 жоғары оқу орындарына жүргізілген екен. Дегенмен соңғы жылдары Украина емес, Польша, Германия, Испания сияқты көрші елдерге жұмыс іздеп кеткен студент жастардың қатары қоюланған. Бұған Украина мен Еуроодақ арасындағы визасыз режим саясаты өз ықпалын тигізіп отыр.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы