425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада жекеменшік зообақтың танымалдылығы артқан

  • 643
  • UPD: 15:15, 15.07.2019

Зооаймақтың қызмет көрсету және аңдарды баптаудағы өз ерекшелігі бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұнда жүзге жуық бірегей жануар өмір сүреді және оларды тым жақыннан тамашалауға мол мүмкіндік жасалған. Жекеменшік зообақтың құрылысына шамамен қанша қаражат жұмсалады және аң бақтарындағы ең ауқымды проблема қандай?

Украиндық миллионер Михаил Пинчук – «12 ай» деп аталатын жекеменшік зообақтың бас иегері. «Жылдың он екі айы бойы жұмыс істейтін осынау аңдар патшалығын құру – менің бала күнгі арманым», – дейді өзі. Ақ арыстан, аю, бенгал жолбарысы, гепард, пума, қасқыр, маймыл мен керікті айтпағанда, Украинадағы жалғыз мүйізтұмсық та осы жерді мекендеген екен. Мұндағы ветеринарлық қызмет ең жоғары деңгейде. Михаил жақын болашақта ем-дом кешенінің құрылысы жүргізіледі деген жоспарымен бөлісті. Миллионерге «зообақтың ең үлкен қасіреті қандай?» деген сұрақ қойдық.

Михаил Пинчук, жекеменшік зообақтың иегері:

– Әлемнің әр түкпіріндегі, айталық, Африка, Скандинавия, АҚШ пен Еуропадағы зообақтарда мәдениеті сынға ұшырайтын адамдарды да кездестіресің. Олар аңдарға түрлі тамақ беруден жалықпайды. Алайда ілгі азық жануарға кері әсерін тигізіп жатады. Бүгін біз, мысалы, гиббонамыздың қолынан темекі қалдығын әзер тартып алдық. Біздің зообақта қараушылар қызмет етеді, олар келушілердің аңдарға зиян тағам беріп қоймауын қадағалайды.

«Дисней» қамалына ұқсас ғимарат, жасанды көл, ондағы қалықтап жүзген аққу мен қаз көз қуантады, әрине. 16 гектар аймақты алып жатқан аң патшалығында әсіресе бала алаңқайларын көптеп кездестіруге де болады.

«Батыс елдерде бір зообақтың құрылысы 100-200 млн еуродан басталады, – дейді Михаил Пинчук. – Бұл істі қолға алу үшін қалтаңның қалың болғаны аздық етеді, қайсарлық және аңдарға деген зор құрмет керек». 

Бір ерекшелігі, мұндағы жекеменшік зообақта аңдарды бала күткендей бағатын көрінеді. Айталық, 5 жасар орангутангпен құмнан қамал соғып ойнап отырған қызметкерді кездестіруге болады. Билеттің құны ересек үшін – 190 гривень, шамамен 7 долларды құрайды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы