389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ирандағы ірі қаланың бірі жойылу алдында тұр

  • 222
  • UPD: 11:27, 27.09.2019

Қоршаған ортаға салғырт қараудың салдарынан Ирандағы ірі қаланың бірі жойылу алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуырда ғана жергілікті билік Исфахан шаһарын жабуға мәжбүр болды. Оған ауа мен судың шамадан тыс ластануы себеп болған. Мамандардың айтуынша, егер билік экологияны қалпына келтіруге күш салмаса, алдағы екі жылдың ішінде ирандықтардың жартысынан астамы өз үйлерін тастап кетуіне тура келеді.

Қоршаған ортаның ластануы Иранның ірі қалалары үшін өзекті мәселе болып тұр. Біраз жыл бұрын Исфахан әкімшілігі қаланы тұтастай жауып, тұрғындарды өзге елді мекендерге көшірген. Бұған ауаның ластануы себеп болған еді. Мамандар экологиялық зерттеулер жүргізіп, қоқыс пен газдың тым көп мөлшерінен Тегеранға да тап осындай қауіп төніп тұрғанын анықтады. Қалдықтарды өңдейтін құрал-жабдықты жаңғырту, бензин сапасын арттыру, велосипедтермен жүруге ынталандыру және қалаларды көгалдандыру – бұл ел билігінің осы бағытта қабылдаған алғашқы шаралары.

Мохаммадреза Ашрафи, қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы:

Мемлекет жіберген қателіктерін түзетуге бар күшін салып жатыр. Бірақ бір жарлықпен адамның көлігін велосипедке ауыстыруға немесе зауыт қалдықтарын теңізге тастатпауға көндіре алмайсың. Үкімет қабылдаған соңғы шара кәріз жүйесінің суын тазартып, қайта қолдану болып тұр. Бұл көптеген елдерде қолданылатын тәжірибе. Алдымен біз қайта өңделген суды ішу үшін емес, тұрмыстық мақсатта ыдыс немесе кір жууға пайдалануды көздеп отырмыз.

Ауыз су тапшылығы Иранға төнген тағы бір қатерге айналуы ықтимал. Егер бүгінде үкімет ластанған су қоймаларын тазартуды қолға алмаса, алдағы уақытта ел тұрғындарының 70%-і, яғни 50 миллиондай адам елден кетуі мүмкін.

Алиреза Акбарзадэ, биологиялық ғылымдар докторы:

- Иранның экологиялық мәселесенің түпкі тамыры тарихта жатыр. Тегеран қаласын жобалағанда архитекторлар мұнда осыншама көп халық тұратынын ойламаған. Көгалды аумақтың жоқтығы, су тапшылығы, көлік инфрақұрылымының нашар жағдайы – бұл Тегеран ғана емес, елдегі бүкіл ірі қалаларға қатысты мәселе. Бұл жағдай уақыт өткен сайын асқынып барады.

Кейінгі уақытта Тегеранда екі ірі қоқыс өңдейтін зауыт салынды. Оның бірі жергілікті электр стансамен байланысты. Күніне 200 тоннадан астам қоқыс жағып, 3 мегаватт энергия өндіреді. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, 2020 жылға дейін қалалардың газдан ластану мәселесі шешілуі тиіс. Ал экологтар полиэтилен қапшықтарын пайдаланбауға шақырып әуре. Бірақ батыс елдерінен бір айырмашылығы – Иран өкіметі бұл мәселеге ешқандай көңіл бөліп отырған жоқ.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Дмитрий Лукша, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы