389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада ірі жемқорлық дерегі анықталды

  • 254
  • UPD: 07:37, 28.09.2019

Үкіметтік орган қазынаға 1 миллиард гривен, яғни 41 миллион доллар көлемінде шығын келтірді деген күдік бар.

Жыл басынан бері қозғалған қылмыстық іске әлі нүкте қойылған жоқ.

«Укроборонпром» – қорғаныс және әскери өнеркәсіп кешеніне жауап беретін елдегі ең ірі мемлекеттік орган. Жыл басынан бері бұл ұйымды Украинаның Ұлттық антикоррупциялық бюросы жемқорлықпен айналысты деп айыптап отыр. Тергеу әлі аяқталған жоқ, дегенмен ірі жемқорлық махинациясына оннан астам қорғаныс өнеркәсібі қатысқаны белгілі болған. Сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша 25-тен астам қылмыстық іс тергелуде.

Олексей Бебель, заңгер:

– Қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстары аяқталған жоқ, іс сотқа әлі жетпеді. Сондықтан нақты кімнің айыпты екенін әзірге айту қиын. Дегенмен БАҚ құралдарындағы ақпаратқа сай, қазынаға 1 миллиард гривень көлемінде шығын келген. Қорғаныс құралдары, әскери техникалар тым жоғары бағамен жалған сатылып алынған.

Елдегі қорғаныс саласынан бөлек, кеден қызметі, фармацевтика, қоршаған ортаны қорғау мен қала құрылысы, денсаулық сақтау: жемқорлық араласпаған мемлекеттік басқару органын атап көрсету өте қиын, дейді заңгер. Сондықтан Зеленский басқарған жаңа биліктен қоғамның күтері өте көп.

Олексей Бебель, заңгер:

– Жемқорлық оған жағдай жасаған кезде ғана пайда болады, жазасыздық жемқорлыққа жол ашады. Сондықтан ең алдымен құқық қорғау органдарына назар аударуымыз қажет. Қазір Украина осы органды толығымен жаңартып жатыр. Қызметке тағайындау, мемлекеттік ресурстарды әділ пайдалану, қазына қаржысын орынды жұмсау сияқты істе жемқорлық болмауы тиіс, мұны құқық қорғау саласы жіті бақылауы қажет.

Бесінші қыркүйектен бастап, Украинада сыбайлас жемқорлыққа қарсы Жоғары сот қызметіне кірісті. Параға қатысты істермен енді осы сот айналысатын болады. Сарапшылар оның жұмысына баға беруге асықпайды, бірақ елдегі аты шулы жемқорлық істерге осы Жоғары сот әділ үкім шығарады деген үмітте.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы