384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Австралияда орман өрті өршіп тұр

  • 195
  • UPD: 20:36, 11.11.2019

Австралиядағы алапат өрт жергілікті халықтың зәресін ұшырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің солтүстік- шығыс жағалауы қып-қызыл жалынға оранды. Мамандар мұндай өрт ел тарихында бұрын соңды болмаған дейді. Енді  Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Квинсленд штаттарына өрт қаупі төніп тұр. Аймақта 60-тан астам өрт ошағы тіркелген. Соңғы мәлімет бойынша, тілсіз жау үш адамның өмірін қиып, 30-ға жуық тұрғынды жарақаттады. Тіпті жоғалғандар да бар. Ал орманды мекендейтін шамамен 350 қалталы аю қырылып қалған. Жергілікті билік аймақта төтенше жағдай режимін жариялап отыр. Құтқарушылар болса, тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.  

Дэвид Эллиот, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының төтенше жағдай министрі:

– Мұндай жағдай бұрын басымыздан өтпеген. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының тұрғындарына барынша көмек көрсетіледі деп уәде етем. Билік зардап шеккен шаруаларға да қаржылай көмек көрсетеді.

Австралияда мектептер мен колледждер уақытша жұмысын тоқтатады

Лаулаған жалын бірнеше күнде 970 мың гектар жер телімі мен 150-ден астам тұрғын үйді тып типыл еткен. Ал ауруханада күйік шалған науқастардың саны күн санап артып келеді. Дәрігерлер 100-ден астам адамның жарақат алғанын айтады. Оның 20-сы өрт сөндіруші. Қазір тілсіз жауды ауыздықтау үшін бір мың бес жүз маман жұмылдырылған. Ал қара түтінге оранған Квинсленд штатының билігі  қауіпсіздік мақсатында сейсенбіден бастап 367 мектеп пен колледждің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпей тұр. Айтуынша, алдағы күндері күн ысып, аймақта  қатты жел тұрады.

Джанет Янг, дәрігер:

– Брисбен, Голд-Кост және Ипсуич қалаларында ауаның ластануы байқалады. Тұрғындардың сыртқа шықпауға мүмкіндігі болса өз үйлерінде отырғаны абзал. Қауіпсіздік мақсатында мектептер мен колледждер жабылады.

Глэдис Береджиклян, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі:

– Қазір жағдай мәз емес. Сол себептен төтенше жағдай режимін жариялап отырмыз. Өрт сөндіру қызметінің басшысы адам өміріне қауіп төнген жағдайда кез келген шешімді қабылдауға құқылы.

АҚШ-та өрттен 1 млн тұрғын жарықсыз отыр

Ал Калифорнияда өткен айда басталған «Кинкейд» деп аталатын орман өрті әлі де басылмай тұр. Мұнда да төтенше жағдай режимі жарияланды. Мәселен тілсіз жау алдындағының бәрін жайпап жатыр. Билік қауіпті аймақтардан 200 мың адамды өзге жерге көшірді. Жуырда өрт қаупі төнген Warner Bros. киностудиясы эвакуацияланды. Жалын ғимараттың біраз жерін күлге айналдырған. Өртті өшіру үшін 230 маман мен 5 тікұшақ және 2 ұшақ тартылды. Бұл оқиғадан компанияның 1 қызметкері жарақат алды. Енді Universal киностудиясына да қауіп төніп тұр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, апаттың кесірінен қазір аймақта бір миллионға жуық адам жарықсыз отыр.

Хабар 24 телеарнасы