443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Google саяси жарнамаға шектеу қойды

  • 388
  • UPD: 21:42, 21.11.2019

Енді әлеуметтік желілерде саяси жарнама болмайды. Азаматтардың таңдауы ақшаға сатылмауы тиіс.

Google және Twitter сынды алып компаниялар осындай ұранмен саяси жарнамаларға шектеу қоя бастады. Ал, Facebook-тің пайымы басқа.

Соңғы уақытта көптеген елдің президенттері әлеуметтік желіде белсенді бола бастады. Тіпті қаулыны Twitter-де қабылдап жатқандары да бар. Сонда мұндай мәлімдемелерге де шектеу қойылады ма?

Шектеу тек саяси науқандарға қатысты болады. Алда Ұлыбритания, АҚШ-та сайлау өтетін ескерсек, бұл жаңашылдық дауыс беруге әлдебіреу араласты деген даудың алдын алуды көздесе керек.

Google саяси жарнамаға шектеу қойды. Ол үшін концерн таргеттеудің ережелерін өзгертті. Енді саяси жарнамаңызды тарату үшін аудиторияны тек жасы, жынысы мен мекенжайына қарап таңдай аласыз. Сондай-ақ жарнамада жалған ақпараттар болмас үшін тапсырыс берушілердің мәтіні енді тексерілмек. Бұл туралы компания сайтта мәлімдеме жасады.

Жақында болған пікірталастардан соң желі қолданушыларын саяси жарнамаға деген көзқарасын өзгерткіміз келеді. Ол үшін барлығы шынайы әрі ашық түрде өтуі керек. Сол себепті тапсырыс берушілер үшін өзгерістер енгіздік. Бұл үдерістер арқылы тұрғындардың цифрлық саяси жарнама мен әлем бойынша сайлау үдерістеріне сенімі арта түседі деп ойлаймыз.

 

Шектеу ережелері қандай?

Бұған дейін қоданушылардың желіде жиі іздейтін сөзі мен жиі кіретін сайтына қарап, Google олардың саяси көзқарасын айқындап отыратын. Яғни, тапсырыс бергенде солшылдар мен оңшылдарға қажетті жарнама жолданады. Бұл үдеріс АҚШ-та жиі жүзеге асып келді. Ал, өзге елдерде саяси науқан ұйымдастырушылары Google-ға партия мүшелерінің жеке ақпарларын жүктеуге мүмкіндігі бар еді. Нәтижесінде дауыс берушіге қажетті жарнама тікелей жолданатын. Ені оған тыйым салынды.

Скотт Спенсер, Google тауарды бақылау басқармасының басшысы

Бұл өзгерістер бірнеше уақытты алады. Алдымен шектеуді Ұлыбританиядағы сайлау кезінде қоймақпыз. Яғни, бір апта бұрын жаңа ережені Біріккен Корольдік аумағында енгіземіз. Еуроодақта жылдың соңына қарай әлем бойынша 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап жаңа саяси жарнамалар ережесі енгізіледі.

 

Twitter саяси жарнамаға түбегейлі тосқауыл қойды

Ал, Twitter болса 30 қазан күні саяси жарнамаға түбейгелі тосқауыл қоятыныдығын мәлімдеді. Бұл өзгерістер әлеуметтік желіде ертеңнен, яғни 22 қарашадан бастап күшіне енеді. Компания басшысы Джек Дорсидің айтуынша, қоғамдық ұйымдар мен партиялар саяси жарнамасыз-а, халықтың қолдауына ие болуы керек. Бұл бастаманы бұрынғы президенттік лауазымға үміткер Хилари Клинтон да қолдайтынын жеткізген.

Джек Дорси, Twitter компаниясының басшысы:

- Бүгінде ғаламтордағы жарнамадан мықтап қаржы табуға болады. Дегенмен, саясатқа зияны тигенін қаламаймыз. Сол себепті әлем бойынша Twitter парақшаларында саяси жарнама мүлдем болмайды. Адамзаттың таңдауын сатып алуға жол бермейміз!

 

Facebook: саяси жарнама қажет

Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг болса, керісінше, саяси жарнаманың маңыздылығын айтты. Оның сөзінше, жарнаманы алып тастаса, ел аузында жүрген саясаткерлер ғана билікке келіп, қолдауы жоқ үміткерлер халыққа танылмай қалады-мыс. Айта кетейік, компания соңғы кездері дауға ілігіп, басы жанжалдан арылар емес. Оған себеп – Facebook-та жиі тарайтын жалған ақпарлар мен әр елдің билігі қаржыландыратын посттар. Сарапшылар осылай дейді.

Шошана Водинский, сарапшы:

- Facebook – жеке компания. Ал, кәсіпкерге саясаттан гөрі қаржы маңызды. Сондай-ақ Facebook-тің кірісі көбінесе шет мемлекеттен келеді. Қанша дау шыққанына қарамастан, халық әлі күнге дейін WhatsApp-ты да, Instagram-ды да қолданып келеді ғой. Екеуі де Facebook-тің тауары. Сондықтан бұл танымал болып, сұраныста қалудың бір жолы іспеттес.

Қаржы демекші, дәл осы саяси жарнамаға ең көп қаражат жаратқан Трамп әкімшілігі екен. Бір ғана Google-ға тапсырыс беруге Ақ үй басшысының командасы 8,5 млн доллар жұмсаған.

Қазақстанға бұл жаңашылдық қашан келеді?

Әзірге Біріккен Корольдік пен АҚШ, содан кейін келер жылы бүкіл әлемге, оның ішінде қазақстандық тапсырыс берушілерге де осындай шектеу қойылады.

Хабар 24 телеарнасы