422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қара құрлыққа қызылшадан қауіп-қатер зор болып тұр

  • 581
  • UPD: 21:30, 26.11.2019

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, қызылшадан жыл сайын 110 мың адам көз жұмады. Ғалымдар бұл ауру ең алдымен Африка елдері үшін қауіпті екенін айтты.

Конго Демократиялық Республикасында биыл қызылшадан 5 мыңға жуық адам көз жұмған. Ал ауруды жұқтырғандар саны 250 мың адамға жуықтайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің айтуынша, бұл әлемдегі ең ірі әрі тез таралып жатқан эпидемия болып отыр. Негізі осы ұйым мамандары мен Конго демократиялық республикасының билігі 2 ай бұрын шұғыл вакцинация бағдарламасын қолға алған болатын. Оған сәйкес 800 мыңнан аса балаға екпе жасалу керек. Алайда тиісті инфрақұрылымның жоқтығы мен медициналық орталықтарға жиі жасалатын шабуылдар кесірінен аурудың таралуын тоқтату мүмкін болмай тұр.   

Тынық мұхитындағы аралдық мемлекет - СамОа елінің билігі де дабыл қағып отыр. Өйткені бір айдан астам уақыт ішінде мұнда 32 адам қызылшадан көз жұмды. Марқұмдардың 28-і  жасы әлі 4-ке келмеген бүлдіршіндер. Осыған байланысты жуырда жергілікті билік төтенше жағдай тәртібін жариялады. Қазір жаппай екпе науқаны жүріп жатыр. Осы күнге дейін 24 мың адам егілген.  Алайда соның өзінде де көңіл көншітпейтін жаңалықтар келіп түсуде. Мәселен, соңғы 24 сағат ішінде ғана ауруды 243 тұрғын жұқтырған. Қазір мұнда мекептер жабық тұр. Балаларға қоғамдық шараларға қатысуға үзілді-кесілді тыйым салынған.   

Леауса Таке Насери, Самоа денсаулық сақтау министрі:

- Негізі, ауруханаларға бір ай бұрын, яғни бұдан ертерек түскен науқастармен салыстыратын болсақ, соңғы уақытта келіп жатқан емделушілердің жағдайы әлдеқайда ауыр.

Есета Меки, жергілікті тұрғын:

- Мен қызылша кесірінен 2 жасар ұлымнан айырылып қалдым. Дәрігерлер қолынан келгендерінің бәрін істеді. Алайда баламның өміріне араша түсе алмады.

Самоадан бөлек Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіндегі ФИджи және ТОнга елдерінде де қызылша жұқтырғандар саны артып барады. Бұл мемлекет билігі екпе қамына мықтап кірісіп кеткен. Ал Самоадағы күрделі жағдайға байланысты жаңа Зеландия билігі көмек ретінде мұнда 3 мың вакцина мен 12 дәрігерді жіберді.

Скотт Уилсон, Жаңа Зеландиядан келген дәрігер:

- Өкінішке орай, СамОадағы ауруханалар науқастардың үлкен санын қабылдауға арналмаған. Яғни қазір жататын орындар жетіспей жатыр. Басқа да қиындықтар бар. Тоқетерін айтқанда, жағдай күрделі. 

Жағдайдың қауіпті екенін жуырда ғалымдар тобының бірлесе жасаған зерттеуінің нәтижесі де айғақтайды. Голландиялық және британдық ғалымдардың айтуынша, қызылша вирусы адамның иммундық жүйесінің «жадын» өшіре алады. Сонда ағза бұған дейін күрескен вирустарға қарсы тұра алмай қалуы мүмкін. 

Велислава Петрова, иммунолог:

- Біздің ағзамызда патогендерге қарсы жады жасушылары пайда болады. Алайда жүргізген зерттеулеріміз көрсетіп отырғандай, қызылша вирусы сол жасушаларды жойып жібереді. Сөйтіп, адамның иммундық жүйесі «сәби күйге» түседі. Яғни жаңа патогендермен күресу мүмкіндігі шектеулі болады.

Хабар 24 телеарнасы