425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ & Қытай: кім ұтып, кім ұтылды

  • 771
  • UPD: 22:14, 16.12.2019

АҚШ пен Қытай бітімге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық БАҚ өкілдері осы жағымды жаңалықты жарыса жазып жатыр. Тараптар әзірге келісімнің бірінші бөлімін ғана мақұлдаған. Кей сарапшылар бұл екі жылға созылған экономикалық тартысты тоқтатудың жақсы бастамасы дейді. Енді біреулері оптимистік болжам жасауға асықпайды. Өйткені Қытай мен АҚШ бұған дейін де келіскен болып, кейін қайта бүлінген.

Келісім жайлы жария етілгенімен, оған әлі қол қойылған жоқ. Тараптар мұны келер жылдың қаңтарында жасауға ниетті.

Сауда соғысы былтыр басталды. Алдымен америкалықтар аспан асты елінен келетін тауарларға баж салығын салып , қысымға алған. Қытайлықтар да қарап қалмай, дәл сондай қадамға барды. Сөйтіп, арадағы экономикалық тартыстың жалғасып жатқанына 2 жылға таяп қалған. Жоспар бойынша 15 желтоқсанда жаңа баж салығы күшіне енуі тиіс еді. Алайда бұған дейінгі келіссөздер өз жемісін беріп, Дональд Трамп одан бас тартты. Әйтпесе жалпы сомасы 160 миллиард доллар қытайлық өнімдерге баж салығы салынар еді. Сонымен қоса Ақ үй басшысы бұған дейінгі жазалау шараларын жеңілдетуге келіскен. Атап айтқанда, құны 120 миллиард доллар тауарға салынған салық мөлшерін екі есеге қысқартуға сөз берді. Есесіне Бейжің алдағы екі жылда америкалық ауылшаруашылық, өнеркәсіптік және энергетикалық өнімдерді сатып алу көлемін арттыруға міндеттеліп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Бұл ірі келісім болғалы тұр. Онда ережелер өте көп. Әзірге бірінші кезеңі ғана мақұлданды. Бірақ біз 2020 жылғы президенттік сайлауды күтпей-ақ, бірден екінші сатысын талқылауға кірісіп кетеміз. Бұл барлық тараптар үшін тиімді келісім.

Қытай жағы әзірге нақты сандарды айтудан бас тартып отыр. Олар АҚШ-тан бидай, күріш және жүгері сатып алу көлемін арттыратындарын растаған. Алайда артық төлемге келіспейтіндерін де ашып айтты. Яғни аталған өнімдердің құны әлемдік бағадан аспауы керек. Арадағы тағы бір даулы мәселе – зияткерлік меншік. Өйткені бұған дейін Қытай жағы өз нарығына шығатын америкалық компаниялардан міндетті түрде технологияларымен бөлісуді талап ететін. Енді ресми Бейжің мұндай талап қоймауы тиіс.

Крейг Аллен, АҚШ-Қытай іскер кеңесінің басшысы:

– Бұл америкалық зияткерлік меншік, бағдарламалық жасақтама, фильм, музыка, патент иелері үшін керемет жаңалық. Олар Қытайда көп табыс табатын болды. Десе де әзірге тек мәлімдемелер жасалды. Ал құжаттың өзі жоқ. Арадағы сауда-саттықты реттейтін құжатқа қол қойылуын көбі асыға күтуде.

Көпшіліктің бұл құжатты асыға күтіп отырғанын нарықтағы жағдай да айғақтайды. Мәселен, келісімнің бірінші бөліміне қол жеткізілді деген ақпар пайда болысымен, мұнай қымбаттаған. Енді трейдерлер қос держава арасындағы келісімнің екінші кезеңін күтіп отыр. Оған Еуроодақ та үлкен үміт артады. Өйткені одақ өкілдері өзара санкциялар жаңа жаһандық экономикалық дағдарыс тудыруы мүмкін деп қауіптенген болатын. Ал халықаралық валюта қоры екі алпауыттың сауда соғысы салдарынан әлемдік экономика келер жылы 700 миллиард доллар шығынға батуы мүмкін деген болжам жасаған.

Хабар 24 телеарнасы