422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехия билігі экологтардың сөзіне құлақ асты

  • 491
  • UPD: 09:58, 29.12.2019

Сөйтіп, қалдықтарды сақтау және қайта өңдеуге байланысты заңнамалық түзетулер енгізуді мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, енді жобаны жүзеге асыру мерзіміне қатысты жаңа дау шықты.

Қоқысты іріктеуден бас тартқан жекеменшік сектор тұрғындары келер жылдың ақпанынан бастап айыппұл төлеуге міндеттеледі. Оның сомасы үлкен емес – 5-10 доллар көлемінде. Алайда, жағдай қайталанатын болса, бұл көрсеткіш бірнеше есе артады. Қазір Чехияның қоршаған ортаны қорғау министрлігінде мұның бәрін бақылау жағы пысықталып жатыр. Оны экологтар мен коммуналдық қызмет өкілдерінен тұратын бригадаға тапсыру ұсынылды.

Ян Крато, Прага муниципалитетінің өкілі:

Полиэтилен пакеті не пластик бөтелкенің қоршаған ортаға қандай зиян келтіретіні жайлы көбі ойлай бермейді. Сөйте тұра, оларды кез келген жерге тастай береді. Чехияның қоршаған ортаны қорғау министрлігі іріктелінетін қалдықтардың үлесін 35%-тен 37%-ке дейін арттыру міндетін қойды. Бұл көрсеткішке біз 2027 жылға қарай қол жеткіземіз деген үміттеміз.

Келер жылы қалалық полигонға қоқыс шығару қызметі үшін төлемдер 3 есеге дейін артады. Негізі алғашында билік 2024 жылға қарай полигондардың көзі жойылып, қалдықтардың барлығы қайта өңделетінін айтқан болатын. Алайда, жобаны іске асыру 6 жылға кейінге шегерілді. Мұның бәрі экологтартардың наразылығын тудырған.

Кшишта Свара, эколог:

Мұндай ауқымды жобаның іске асырылуы бюрократия кесірінен тежеле ме деп алаңдап отырмыз. Оны 2030 жылға дейін кейінге шегеруге келіспейміз. Жобаны 2026 жылдан кешіпкей іске асыру керек. Біз тиісті петиция дайындап қойдық. Ол келер жылдың қаңтарында Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жіберіледі.

Қаптама жасайтын компанияларды да өзгерістер күтеді. Олар қайта өңдеуге арналған қабылдау бекеттерінің желісін кеңейтуге міндеттеледі. Мұндай орындар Чехияның ірі қалаларында ғана емес, өзге елді мекендерінде де жұмыс істейтін болады. Сонымен қоса, жаңашылдықтарға байланысты елде қолдану мерзімі шектеулі кейбір тауарлардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Өйткені билік олардың құнына қоршаған ортаға тигізетін жағымсыз әсерін азайту шығындарын қосуға ниетті.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Надежда Дрейгал Дмитрий Лукша, Вадим Чех

 

Хабар 24 телеарнасы