430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Хургадада жағажайлар қоқыстан тазартылып жатыр

  • 588
  • UPD: 12:55, 01.01.2020

Бұрын бұл іспен тек еріктілер айналысса, енді осы шараға мемлекеттік ұйымдар да қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғи байлықтарды қорғау министрлігі суға қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл көлемін көтеруді және жағажайларда тазалық сақтауға көмектесіп жүрген белсенділерді ынталандыруды көздеп отыр.

Қызыл теңіз жағажайларын тазарту бойынша ауқымды шаралар 2015 жылдан бері жалғасып келеді. Себебі, су бойында пластик шөлмектер мен ыдыс көбейген.

Күн сайын Хургада шипажайынан қоқыс тиелген екі жүк көлігі шығады. Ластануға қарсы шара ретінде аймақта пластик бұйымдарын пайдалануға тыйым салатын заң күшіне енді.

Амаль Селим, жағажайды тазалаушы:

- Күндердің бірінде өзім жинаған қоқыстың салмағын өлшеген едім. Сонда 8 сағат ішінде 106 келі пластик жинаппын. Ал бригадамызда 18 адам бар. Әрқайсымыз күніне бір центнер қоқыс жинасақ, жағажайларымыз қалай ластанатынын елестеп көріңіз.

Пластикке салынған тыйым жергілікті дүкендерді тәрбиеге салды. Хургада орталығындағы сауда орындарының біріне полиэтилен қаптарын пайдаланғаны үшін бір жарым мың доллар мөлшерінде айыппұл салынды. Жалпы шипажайдағы дүкендердің 70%-іне осы ережені бұзғаны үшін түрлі жаза шығарылды. Осыдан кейін олар пластикті қағаз немесе органикалық материалдармен ауыстырды.

Омара Сабри, Хургада тұрғыны:

- Соңғы екі аптада ортамыз едәуір тазарды. Бұл неге байланысты екенін білмеймін. Бірақ суда жүзгенде бұрынғыдай бетінде қалқып жүрген кока шөлмегі немесе тәрелке көрмейсің. Осындай тазалық сақталады деген үміттемін.

Жаңа заң мен айыппұлдар өз жемісін берді. Егер осыдан дәл бір жыл бұрын Қызыл теңіз жағажайларынан 240 тонна қоқыс шығарылса, биыл бұл көрсеткіш 130 тоннаға дейін азайды. Дегенмен, өңір басшылығы мұнымен шектелген жоқ. Қаңтар айынан бастап жағажайларда еріктілер кезекшілік етеді. Олар тазалық сақталуын қадағалап, қоқыс тастаған кісілерге айыпұл салады немесе полиция бөліміне жеткізеді.

Авторлары: Светлана Брахмит, Гурам Чихлаж

 

Хабар 24 телеарнасы