375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕО Вашингтон мен Тегеранды қару қолдануды дереу доғаруға шақырды

  • 297
  • UPD: 20:36, 08.01.2020

Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады. Иран уәде еткендей, америкалықтардың шабуылына жауап қайырды.

Ислам Республикасы Ирактағы АҚШ әскери базаларын зымыранмен атқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы мәлімет бойынша шабуыл кезінде Qiam-1 және Fateh-110 типті зымырандар қолданылған. Бұл жайында Миддлбери халықаралық зерттеулер институтының сарапшылары хабарлады. АҚШ президенті Дональд Трамп әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал, Иран тарапы «мұны өз азаматтары мен саяси қайраткерлеріне қарсы бағытталған шабуылға жасалған қарымта» деп отыр.

Зымыран атылғанын жаһанның ақпарат құралдары жазып-ақ жатыр. Ал құрбандар жайлы мәлімет бар ма? Америкалықтар «құрбандар жоқ», дейді. Алайда, Иран жағы басқа мәліметтер келтірді.

 

«Азап шегуші Сүлеймани» операциясы

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына Иранда беделі бойынша екінші адам саналатын генерал Касем Сүлейманидің қазасы түрткі болды. 3 қаңтарда ол Ирак астанасына ұшып келеді. Бағдад халықаралық әуежайы аумағында америкалықтардың зымыраны жарылып, генерал сол жерде көз жұмады. Пентагон өкілдері шабуылдың Дональд Трамптың бұйрығымен болғанын және шетелде жүрген америкалық қызметкерлерді қорғау үшін жасалған батыл қадам екенін айтып, мәлімдеме жасады. Ресми Тегеран да қарап қалмай, жауап қайтаратынын жеткізген. Осы тұста өзіндік ядролық бағдарламасын шектеуге қатысты халықаралық талаптарды орындамайтынын да ашып айтты. Сөйтіп, жауап қайтарылды. «Азап шегуші Сүлеймани» атты операция барысында америкалықтардың Ирактағы екі бірдей әскери базасы зымыранмен атқыланды. Ресми Тегеран халықаралық құқыққа сәйкес әрекет еткендерін айтады.

Джавад Зариф, Иран сыртқы істер министрі:

- Иран БҰҰ жарғысының 51 бабына сәйкес өзін өзі қорғау мақсатында әскери базаларды атқылап, нақты шаралар қабылдады. Біз жағдайдың шиеленіскенін қаламаймыз. Бірақ кез келген басқыншылық әрекетке қарсы тұратын боламыз.

«Америкалықтар құрбандар мен жапа шеккендер жоқ», - дейді. Олардың мәлімдеуінше, әскерилер бункерлерге жасырынып үлгерген. Ирак жағы да адам шығыны жоқ дейді. Алайда, шабуылды өз мойнына алған «Ислам революциясы сақшыларының корпусы» басқа мәлімет келтіруде. Олар 80-ге тарта америкалық сарбаздың мерт болып, 200-ге жуығы жараланғанын хабарлады.

Шабуыл кезінде 80 америкалық сарбаз мерт болды. әл-Асад базасында АҚШ-тың ұшқышсыз басқарылатын ұшақтары, тікұшақтары мен жабдығына айтарлықтай шығын келтірілді. Олар бірде-бір зымыранды қағып түсіре алмады.

 

Ақ үй төңірегінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді 

Әл-Асад демекші, сарапшылардың пікірінше, дәл осы базаның таңдалуы бекер емес. Өйткені қазасы дау тудырған генерал Касем Сүлейманиге шабуыл жасау кезінде дрон дәл осы аумақтан ұшырылған. Зымыран шабуылынан кейін іле-шала Ақ үй шұғыл отырыс өткізді. Дегенмен, қандай шешім қабылданғаны туралы ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ. Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында «бәрі жақсы» деп жазып, жағдайдың жіті бақылауда екенін айтқан. Қазір Ақ үй төңірегіндегі қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ал, Трамптың саяси қарсыластары қандай да бір әрекетке бармай тұрып, Конгрестелгілермен ақылдасуға кеңес беріп жатыр.

Нэнси Пелоси, АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері:

- Біз әскери қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Трамп әкімшілігі тарапынан қажетсіз арандатушылық әрекеттерге және Иран тарапынан зорлық-зомбылыққа жол бермеуіміз тиіс. Америка да, бүкіл әлем де жағдайдың шиеленісуіне жол бермейді.

 

ЕО тараптарды келіссөздерге шақырды

Жағдайдың шиеленіскенін Еуроодақ та қаламайды. Еурокомиссия басшысы Вашингтон мен Тегеранды қару қолдануды дереу доғаруға шақырды.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:

Тараптар қару қолдануға жол бермеуі керек. Сонда диалог жүргізуге мүмкіндік пайда болады. Біз келіссөздердің қайта жандануы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты мұнай бағасы шарықтап шыға келді. WTI маркалы қара алтын құны 4%-ке артып, 65,65 долларға дейін жетті. Генералдың қазасынан кейін бірнеше күн бұрын Brent маркалы мұнай да қымбаттап, бір баррелінің бағасы өткен жылдың мамырынан бері алғаш рет 70 доллардан асқан болатын.

 

Иранда жергілікті тұрғындар зымыран соққысын қолдап, митингке шықты

Ереуілшілер Тегерандағы Энгелаб алаңына жиналып жатыр. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, америкалықтардың әскери базаларына шабуыл жасау өте орынды қадам. Иран тарапы генерал Касем Сүлейманидің өліміне, осылайша, жауап қатып отыр.

Жергілікті тұрғын:

- Мен көшеге Ислам революциясы сақшыларының корпусына алғыс айту үшін шықтым. Генерал Сүлейманидің өлімі үшін АҚШ әлі өкінетін болады. Көшбасшымыз Хаменей айтпақшы, бұл бастауы ғана. Бізге кімде-кім бір мәрте шабуыл жасаса, біз он есе жауап қатамыз. Трамп, әлі өкінетін боласың!

 

Америкалықтардың жауабы қандай болады?

Қазір көпшіліктің көкейінде тұрған басты сауал осы. «Дональд Трамп генералға шабуыл жасағандай, Конгрестің қолдауынсыз, өз бетінше әрекет етпей ме?» деген сұрақ мазалауда. Сондай-ақ Иранның келесі қадамы қандай болатыны да белгісіз. Бұған дейін «Ислам революциясы сақшыларының корпусы» ұйымының жасаған мәлімдемесінде «егер Иранға қарсы шабуыл ұйымдастыруда америкалықтарға Израиль мен Біріккен Араб әмірліктері көмек көрсететін болса, Хайфа қаласы мен Дубайға соққы жасалады», делінген. Тегерандағы тілшіміз Юлия Гнатюктың хабарлауынша, соңғы оқиғаларға қарамастан, Иран халқы қалыпты өмір сүріп жатыр. Тұрғындар державалар арасындағы кикілжіңдерден шаршағанға ұқсайды. Елде төтенше жағдай не коменданттық сағат енгізілмейді. Ал Ресми Тегеран БҰҰ, Еуродақ сынды ірі халықаралық ұйымдар тараптардың әрекетіне өз бағасын беріп, америкалықтарды ақылға шақыра ма деген үміттері барын да жасырмайды.

Хабар 24 телеарнасы