375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иракта халық қайтадан ереуілдетіп жатыр

  • 170
  • UPD: 08:31, 21.01.2020

Иракта ереуілдер қайта жанданды. Ел астанасы Бағдадта наразылық акциясының соңы қақтығыстарға ұласқан. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2 адам көз жұмып, тағы ондаған тұрғын жараланған.

Бағдад тұрғындары маңызды жолдарды жауып тастап, көшеде өрт қойған. Артынша полицейлерге тас жаудырып, жандырғыш қоспасы бар бөтелкелермен атқылаған. Жиылған жұртты тарату үшін тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Айта кеткен жөн, Иракты былтыр күзде ереуілдер жайлаған болатын. Жұрт жұмыссыздық пен биліктің жемқорлығына қарсы шығып, үкіметті ауыстыруды талап еткен. Сөйтіп, Премьер-министр отставкаға кеткен. Қазір ол үкімет басшысының міндетін уақытша атқарып жүр. Ереуілшілер талабы бойынша 20 қаңтарда жаңа үкімет құрылуы тиіс еді. Алайда әзірге билік бұл талапты орындаған жоқ. Сондықтан жұрт «мұнан да ауқымды наразылық акциясын өткіземіз» деп отыр. 

- Біз билікке талаптар қойған едік. Бізде не жұмыс, не білім жоқ. Жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін екі қолға бір күрек таппай, үйде отырамыз. 

- Полицейлердің бізге қарсы күш қолдануы дұрыс емес. Бәріміз бір елдің тұрғынымыз ғой. Олар қалайша өз қандастарына оқ атады?

Хабар 24 телеарнасы