445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде қатерлі ісіктің кейбір түрін науқасты ауруханаға жатқызбай-ақ емдейді

  • 182
  • UPD: 10:55, 04.02.2020

Израиль медицинасы онкология саласында айтарлықтай жетістікке жеткенін жаһан жұрты жақсы біледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ел бүгінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеу бойынша әлемде алдыңғы қатарда.

Қатерлі ісік ауруына шалдыққан бұл әйел қазір сырқатты сәулемен емдеу әдісіне дайындалып жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, аурудан айығып кетуге толық мүмкіндік бар. Яғни заманауи технологиялардың көмегімен науқастың дертіне дауа табуға болады. Бес жыл бұрын бұл мүлдем мүмкін емес-тін.

Натанэль Хоровитц, Лимфома институтының директоры:

– Қазір бізде биологиялық және иммунологиялық дәрі-дәрмектер пайда болды. Олардың химиотерапия секілді жанама әсері жоқ. Керісінше науқастарға тиімді әсер етеді. Ол үшін тек күніне бір таблеткадан ішіп жүрсе жеткілікті.

Израильде тек өткен жылдың өзінде обырдан 11 мың адам көз жұмыпты. Сондықтан бұл елде онкология саласына баса көңіл бөлінген. Мамандар аты жаман ауруды барынша ерте анықтауға тырысады. Өйткені қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, науқастарды емдеу де соғұрлым жеңілірек болмақ дейді олар.

Надир Арбер, қатерлі ісікті ерте диагностикалау орталығының директоры:

– Бүгінде біз қатерлі ісік ауруының пайда болу ықтималдылығын да анықтай аламыз. Яғни адамның бойынан ісікке айнала қоймаған атипиялық жасушаларды табамыз. Егер науқас біздің кеңесімізге құлақ асып, салауатты өмір салтын ұстанса, ауруға мүлдем шалдықпауы да мүмкін.

Жалпы Израильде қатерлі ісіктің кейбір түрін науқасты ауруханаға жатқызбай-ақ емдейді. Мәселен, ерте анықталған сүт безі обыры – соның бірі. Мұндай кезде науқас дәрі тамызғышты қабылдап немесе үйінде дәрі-дәрмек ішіп жүреді.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы