429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл сайын атмосфераның ластануынан 7 млн-ға жуық адам көз жұмады

  • 612
  • UPD: 21:24, 11.02.2020

Кәрі құрлықта «Киара» дауылы ойран салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өршеленген құйын мен нөсер жер-көктегіні ұшырып, жайратып келеді. Бүгінге дейін 6 адамның өмірін қиды. Польшада екі тұрғын көз жұмған. Одан бөлек Чехия, Словения, Ұлыбритания мен Швецияда жазым болғандар бар. Ойран-топан болып жатқан Еуропа ғана емес, Американың оңтүстігі де тасқыннан зардап шекті.

Әр ел бұл дауылды өзінше атайды. Біреулері «Сиара», біреулері «Киара» дейді. Тіпті «Сабина» не «Забина» дегендер де бар. Бірақ қалай болғанда да, соңғы 7 жылда мұндай алапат дауыл болмаған.

Польшада дауылдың салдарынан елдің оңтүстігіндегі шаңғы ғимаратының шатыры ұшып 52 жастағы әйел мен оның 15 жастағы қызын басып қалған. Тағы 2 адам жараланып, ауруханада жатыр. 

Яцек Динка, Закопане қаласы прокуратурасының өкілі:

– Марқұмдар Варшавадан демалуға келген туристер еді. Қайғылы оқиға таңертеңгі 10-дар шамасында болды. 15 жастағы жеткіншек пен оның анасы көз жұмды. Оқыс оқиға кезінде олардың тағы бір отбасы мүшесі жарақат алған. 21 жастағы бойжеткен ауыр жараланып, ауруханада жеткізілді.

Көрші Чехияда желдің жылдамдығы сағатына 180 шақырымға дейін жетті. Электр желілері үзіліп, 290 мың үй жарықсыз қалды. Германияның Мюнхен қаласында «Киараның» кесірінен 400-ден аса әуе сапары кейінге шегерілді. Майндағы Франкфурт қаласында құрылыс краны шіркеудің үстіне құлаған. Абырой болғанда, ешкім жапа шеккен жоқ.   

Ахим Штаусс, темір жол қызметкері:

– Дауыл Германияның өзге өңірлерінде ойран салып, енді оңтүстікке де жетті. Біз теміржол қатынасында іркілістерді болдырмауға тырысып жатырмыз. Мәселен, жолдарды құлаған ағаштардан тазалайтын жабдықтарымызды дайындап қойдық.

Ұлыбританияда дауылмен қоса нөсер жауып, бірнеше өңірді су басты. 20 мыңнан аса үй электр энергиясынан ажыратылған. Мұнда кейбір ауданда бір тәулік ішінде жауын-шашынның бір жарым айлық нормасы жауды. Желдің де күшті болғаны соншалық, жүк көлігін аударып тастаған. Францияда да фура аударылып, тас жолдағы көлік қозғалысын бірнеше сағатқа тежеді.

Елде қауіптіліктің қызғылт сары деңгейі жарияланды. Түрлі жарақат алған 11 адам медициналық көмекке жүгінді. Кейбір өңірлерде мектептер уақытша жабылған. 130 мың үй жарықсыз отыр. Нидерландта қауіптіліктің жоғары деңгейі жарияланды. Мұнда күшті жел веложарыстың шырқын бұзды. Сөйтіп, шараға қатысқан 11 мың адамның 250-і ғана мәреге жете алған. 

Табиғаттың тосын мінезі Оңтүстік Америка халқын да әбігерге салды. Бразилияның Сан-Паулу қаласында толассыз нөсер соңы су тасқыны мен лай көшкініне ұласты. Қоғамдық көлік қозғалысы шектелді. 40-тан аса мектепте сабақ болмайды. Синоптиктер соңғы 37 жылда шаһарда осындай мөлшерде жаңбыр жаумағанын айтады.

БЛИЦ:

– Менің Сан-Паулуда тұрғып жатқаныма 22 жыл болды. Бірақ мынадай жағдайды алғаш көруім. Метро қозғалысы тоқтап тұр. Адамдар жұмысқа жете алмай, әлекке түсіп жатыр.

– Бүгінгі жағдай әбден мазаны қашырды. Жұмысқа немен жетерімді білмей, дал болдым.

Көрші Перуде де осындай жағдай. Мұнда қазір жауын-шашын маусымы. Ол сәуірге дейін созылады. Демалыс күндері жауған нөсер салдарынан Эквадормен арадағы шекараға жақын орналасқан Тумбес қаласын су басты. Мұндағы тұрғындар құтқарушылардың қызметіне шағымданып жатыр.

жергілікті тұрғын:

– Кеше түнде әбден қиналдық. Көмекке азаматтық қорғанысты шақырдық. Алайда ешкім де келген жоқ. Таңертең көрші үйдің қабырғасы опырылып түсті. Азаматтық қорғаныс өкілдерін сол кезде бірақ көрдік.

Бір елдер дауылдан, енді біреулері су тасқынан әбігерге түсіп жатса, Солтүстік Македония астанасы әр қыс сайын ауаның ластануынан зардап шегеді. Өйткені Скопье таулардың ортасында орналасқан. Сондықтан ғимараттарды жылыту кезінде шаһардың экологиялық ахуалы нашарлайды. Халық биліктен әр қыс сайын қайталанатын жағдайға байланысты нақты шаралар талап етіп, ереуілдер ұйымдастыруға дейін барған. Ал ауадағы зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген межеден 10 есеге дейін артып кеткен. Осы ретте біраз компания аяғы ауыр келіншектер мен егде жастағы қызметкерлеріне жұмысқа келмеуге рұқсат етті. Ал билік қызметтік көлікті қолдануды екі есеге азайтуға кеңес берген. 

Эли Песевска, эколог:

– Скопье қаласының тұрғындары үйлерін жылыту үшін ауаны ластайтын отынды қолданады. Одан бөлек құрылыс стандарттары да төмен. Еуропаның өзге елдерінен импортталған ескі көліктер де экологиялық ахуалды нашарлатып отыр.

Насер Нуредини, қоршаған ортаны қорғау және физикалық жоспарлау министрлігінің өкілі:

– Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін ұзақ мерзімді шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, табиғи газды қолдану көлемін кеңейтеміз. Македония астанасы Скопье мен Куманово қалаларында газ желісі кеңейтіліп жатыр. Тиісті жұмыстарды биыл мамыр-маусымға дейін аяқтап қаламыз.

Тұрғындар мен экологтардың бұл мәселені көтеруі бекер емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, жыл сайын атмосфераның ластануынан 7 миллионға жуық адам көз жұмады. Ал соңғы мәлімет бойынша, соның ішінде озондық ластану салдарынан жыл сайын 13 мыңдай тұрғын мерт болады екен. Халықаралық ғалымдар тобы Еуропа, Америка мен Шығыс Азиядағы 400 ірі қалада зерттеу жүргізіп, осындай қорытындыға келген.

Хабар 24 телеарнасы