418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия Еуропаға 76 мыңнан астам босқынды өткізіп жіберді

  • 453
  • UPD: 18:25, 01.03.2020
Түркия Еуропаға 76 мыңнан астам босқынды өткізіп жіберді

Түркия қақпасын ашқалы бір тәуліктің ішінде 76 мыңнан астам босқын Еуропа шекарасына табан тіреп үлгерді. Бұл туралы осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат ішкі істер министрі Сүлейман Сойлуның твиттердегі парақшасына сілтеме жасап хабарлады.

Батысқа бет бұрғандардың қарасы қалың. Бұған дейін ел президенті Реджеп Тайип Ердоған түн ортасына дейін бұл көрсеткіштің 25-30 мыңға жетуі әбден ықтимал деген болатын. Кәрі құрлыққа теңіз және құрлық арқылы еркін өтуге болатындығын естіген бойда жолға шыққан босқындар Ыстамбұл мен бірқатар провинцияның орталықтарында бас қосып, Грекиямен шекаралас Эдирне қаласына бет алды. Алайда ресми Анкара қақпаларын ашқанымен батысқа баратын жол жоқ. Болгария мен Грекия шекараларын жауып, қауіпсіздікті сақтау үшін мыңдаған сақшысын жұмылдырған. Сондықтан босқындарға батысқа барар жол екеу. Ақ теңіз бен Қара теңіз. Бұл да өлімге бас тігумен бірдей. Себебі бұған дейін теңіз арқылы жолға шыққан мыңдаған мигрант діттеген мақсатына жете алмай ажал құшқан болатын.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Біз кеше не істедік? Қақпамызды аштық. Шекараларымызды ашқалы 18 мың босқын өтті. Күн аяқталғанға дейін олардың саны 28-30 мыңнан асады деп ойлаймын. Қақпаларды жаппаймыз. Алдағы уақытта да ашық тұрады. Неге? Еуроодақ берген уәдесін орындауы тиіс.

Хусейн Бағжы, Түркияның сыртқы саясат институты басшысы:

- Босқындар шекараға табан тіреді. Алайда қарсы жаққа өткен жоқ. Себебі Еуропаға өтетін қос ел қақпаларын жауап үлгерді. Ендігі сұрақ: ондағы босқындар түнде қайда қонады? Не жейді? Не ішеді? Мұны алдағы тәуліктерде көреміз. Ең қызығы, қақпалар ашылды деген сәттен бастан босқындардың дені шекараға бет алды. Олар Түркияны басқа елдерге «өту жолы» ретінде көретініне күә болдық.

Хабар 24 телеарнасы