411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда қоғамдық көлік қатынасына шектеу қойылды

  • 208
  • UPD: 10:52, 28.03.2020

Соңғы мәлімет бойынша Германияда 46 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Еуропа елдері бойынша Италия мен Испаниядан кейінгі үшінші көрсеткіш. Осыған байланысты үкімет індетке қарсы шараларды күшейтіп, қоғамдық көлік қатынасына шектеу салуды көздеп отыр.

Соңғы бір тәулікте Германияда коронавирус жұқтырғандар саны 5780 адамға өсіп, елу бес кісі қайтыс болды. Індеттің таралуына қарсы қатал шаралар қабылданған. Екі адамнан артық жиналуға тыйым салынып, дәмханалардың барлығы жабылды. Енді қоғамдық көліктегі жолаушылар санын азайту көзделіп отыр. Жуырда теміржолшылар одағы пойыздар санын екі есе қысқартуды талап етті. Біріншіден, бұл вирустың таралуына жол бермейді, екіншіден, қазір немістер жолға шығудан аулақ. Ресми дерек бойынша ел ішіндегі саяхат саны 30%-ке қысқарды.

Йенс Шпан, Германия денсаулық сақтау министрі:

- Індет таралуын бәсеңдету үшін қоғам тіршілігіне шектеу қою қажет. Халықтың вирусқа осал топтарын қорғап алып, оларға қамқорлық көрсетудің жаңа шешімдерін әзірлейміз. Бірақ нақты айтарым, вирусқа қарсы шараларды жұмсарту туралы әңгіме қозғауға әлі ерте. Пасха мейрамынан кейін қорытынды жасаймыз.

Қатал шаралар бизнеске зиянын келтіріп тұр. Шекара жабылғандықтан елге туристер келмейтін болды, көбісі қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті. Такси жүргізушілері күнделікті табысы жүздеген еуродан жиырма еуроға түскенін жасырмайды.

Ади Венера, такси жүргізушісі

- Осыдан сегіз күн бұрын жұмысым екі есе азайғанын айтып едім. Қазір болса 90%-ке азайды. Елу жыл такси жүргізуші болып жұмыс істеп, осындайды көрмеп едім.

Автобуспен жолаушыларды тасымалдайтын 400-дей фирма зор шығынға батқанын жариялады. Кәсіпкерлер алдағы төрт аптада жағдай тұрақталмаса, банкрот жариялауға немесе үкіметтен көмек сұрауға мәжбүр болатынын ескертті.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы