418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда ауыл халқы дағдарыс зардабын тартып отыр

  • 211
  • UPD: 14:36, 23.04.2020

Армения үкіметі коронавирус індетіне байланысты халыққа ауқымды көмек беріп жатқанын баяндаған еді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Алайда ел астанасы Ереваннан қашықта жатқан ауыл тұрғындары ондай қолдауды көрмедік дейді. Күнкөріс үшін екі қолға бір күрек таппай отырған халықтың тұрмысы күн сайын қиындап барады. Дүкендерде тауар бар, алайда жұмыссыз отырған тұрғындарда оны алатын ақша жоқ. 

Бұл – Арменияның Лори облысындағы Ягдан ауылы. Ел астанасынан қашықта жатқан елді мекенде дүкен ұстап отырғандардың бірі Алвард Пирумян. Оның айтуынша, коронавирус кесірінен туындаған дағдарыс ауылды да айналып өтпепті. Қарыз жазатын қос дәптерде бос орын қалған жоқ дейді. Халықтың қолында қаржы болмағандықтан, кәсібін ары қарай жүргізу үшін банктен несие алған. Енді  қарызын қалай қайтарарын білмей отыр. 

Алвард Пирумян, дүкен иесі:

– Қарыз жазатын тағы бір дәптер бар. Тіпті көрші ауыл тұрғындары да менің дүкенімнен үлкен сомаға қарызға азық-түлік жаздырып әкететін жағдайлар болады. Кейде балалары бар отбасыларға жаным ашып, қарызға нан беремін.  Мен алда не боларын білмеймін. Бәрінің жағдайы қиын. Бізге биліктен ешқандай көмек көрсетілген жоқ.

Дағдарыс зардабын тартып отырғандардың бірі, Павлик Мамаджян. Ол бұрынғыдай қалада қомақты ақша табатын жұмыс жоқ дейді. Ал ауылда еңбекақы төмен екені белігілі. Сөйтіп, қазір оның отбасы күніне 6 доллар табысқа күн көруге мәжбүр болып отыр.

Павлик Мамаджян, жергілікті тұрғын:

– Коронавирус кесірі көп адамға тиді. Біздің ауылда өзге өңірлерден келгендер көп. Олар жер өңдеп, ақша табамыз деп ойлаған. Алайда тұқым жоқ, тамақ жоқ. Ал сүт болса, арзан тұрады. Оны өткізудің өзі бір азап. Сондықтан көбі сиырларын сатып жатыр. Біздің ауылға ешқандай жәрдем көрсетіліп жатқан жоқ. Өзіміз екі бағдарлама бойынша көмек сұрап көрдік. Алайда одан түк шықпады.

Көрші Акарак ауылында да осыған ұқсас жағдай. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда дағдарысқа қарсы бағдарлама деген атымен жоқ. Сондықтан әркім шамасы келгенше күнін көруде.

Гоар Баблумян, сатушы:

– Лори облысы бүкіл бағдарламадан құр қалды. Ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Біздің ауылымыздағы өмір қаланікіндей емес, қиындау. Нанның өзіне ақшаң болмаса, басқа азық-түлікке жетпейтіні айтпаса да түсінікті.

Арменияда 300-ден аса шаруа қожалық бар. Бұған дейін елдің еңбек және әлеуметтік сұрақтар бойынша министрі дағдарыс кезінде ауыл тұрғындарына мемлекеттік қолдау көрсетілетіні жайлы айтқан еді. Тіпті ресми жұмысы жоқ азаматтарға да көмек берілетінін ерекше атап өткен. Министрдің жәрдемін күтуден шаршаған Лори облысының тұрғындары әзірге бақшаларында өсірген өнімдеріне арқа сүйеп отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы