419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германияда мейрамханалар мен қонақ үйлер ашылады

  • 403
  • UPD: 15:13, 08.05.2020

Жеті апта бойы құрсауланған күйі өмір сүрген немістер қалыпты өмірге қайта оралып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Германияда індетке байланысты шектеулер едәуір жеңілдетілетін болды. Мамыр айының ортасынан бастап Берлинде мейрамханалар ашылады. Ал 25-нен бастап қонақ үйлер жұмыс істей бастайды. Дүкендер де жаппай ашылады. Футбол клубтары да көрермендерсіз ойын өткізе бастайды. Ангела Меркель өңір басшыларымен кеңесіп карантиннен шығу жоспарын қабылдады. Мұнда 16 аймақтың әрқайсысы қандай шектеулерді алып тастайтынын өздері шешеді. Алайда өңірде немесе қалада бір апта ішінде 100 мың тұрғынға шаққанда елуден аса вирус жұқтыру дерегі тіркелсе, дереу карантин тәртібі қайта енгізіледі.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Қандай шектеулерді алып тастау, қайсын қалдыру керектігін ұзақ талқыладық. Бір жарым метр арақашықтықты сақтау және дүкендер, қоғамдық орындар мен көлікте бетперде тағу ережесі күшінде қалатыны анық. Бұл кезеңде вирустың таралуын бәсеңдету және медициналық жүйемізді шамадан артық қысымнан сақтап қалу секілді көздеген мақсатымызға жеттік деуге болады. Тап осы сәтте індет бақылауға алынды деп айта аламын.

Расында, қазір Германияда ауру жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Соңғы тәулікте 947 науқас анықталды. Салыстырып көрсек, осыдан бір ай бұрын күніне 6 мың науқас тіркелетін. 

Лотар Вилер, Роберт Кох институтының президенті:

– Бірлесіп өте жақсы жетістіктерге жеттік. Біздің мақсатымыз, осы көрсеткіштерді сақтап қалу немесе азайту. Сол себептен абай болып, барлық ережені сақтауға тиіспіз. Әлеуметтік арақашықтық тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы керек. Бұл ауру жұқтырғандардың саны өспейтініне кепіл болмақ.

Қайта ашылатын балабақшалар мен бастауыш мектептерде тазалық шаралары мұқият сақталады. Сарапшылардың болжауынша, мамыр айының соңында германиялық оқушылардың тең жартысы мектепке барып оқиды. Мұнда сыныптарды шағын топтарға бөліп, парталарды арақашықты сақтап орналастырады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы