424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда міндетті екпе балалардың 90% қамтиды

  • 406
  • UPD: 14:34, 14.05.2020

Коронавирус ошағы саналатын Қытайда халық қалыпты өмірге қайта орала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда мектептер ашылды. Эпидемиологиялық қаупі төмен өңір оқушыларына маска тақпай жүруге рұқсат берілді. Балаларға екпе жасау бекеттері де қалыпты жұмыс тәртібіне көшкен. Көрші елде вакцинаға қатысты жаңа заң да күшіне енді.

Қытайда бала дүниеге келгенде ата-анасының қолына екпе паспорты тапсырылады. Ол баланы балабақша не мектепке орналастыру кезінде қажет. Аспан асты елінде вакцина екі түрге бөлінеді. Біріншісіне, БЦЖ, АКДС, А және Б гепатитіне, қызылшаға, паротитке, жапондық энцефалит пен эпидемиялық менингитке қарсы екпелер жатады. Олар тегін салынады. Тіпті шетелдіктердің өзі бұл үшін ақша төлемейді. Екінші түріне, В типті гемофильді инфекцияға, пневмококк, геморрагиялық безгек, тұмау, ротавирус пен тырысқаққа қарсы вакциналар жатады. Олар ақылы және ата-ананың қалауы бойынша салынады.  

Жалпы, Қытайда міндетті вакцина балалардың 90 процентін қамтиды. Препараттардың көбі елде өндіріледі. Бірнеше жыл бұрын елде екпеге қатысты жанжал шыққан. Ол кезде балаларға сапасы төмен АКДС вакцинасы салынған еді. Салдарынан өндіруші компания лицензиясынан айырылып, 1 миллиард 300 миллион доллар айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал балаларға қайта екпе жасалған. Осы жанжалдан кейін аспан асты елінде вакциналар туралы заң әзірленді. Сөйтіп, ата-аналардың сенімі қалпына келе бастады. 

Иә, мамандар екпе 100 пайыз кепіл бермейтінін жасырмайды. Десе де, оның пайдасы мол екенін де айтады. Оны келесі статистика да айғақтайды: Ресми мәлімет бойынша, 2018 жылы Қытайда қызылшамен ауырудың тек 4 мың дерегі тіркеліпті. Ал бұған дейін жыл сайын оны 9 миллионға дейін қытайлық жұқтыратын. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Ботагөз Сырғабаева, Әйгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы