410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Әлемді жұмыссыздық жайлады

  • 177
  • UPD: 21:46, 19.05.2020

Пандемия кесірінен әлемді жұмыссыздық жайлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ-та ол Ұлы тоқырау кезінен бергі рекордтық көрсеткішке жетті. Ресейде екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны 1,5 миллионнан асты. Мамандар «бұл көрсеткіш әлі де артады» дейді. Үндістанда да жұмыссыздық ел тарихында ең рекордтық деңгейге жеткен.

Әлемнің еңбек нарығындағы ахуал жайлы арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиева баяндауға дайын.

Диктор:

- Жұлдыз, жалпы осы әлемдегі жұмыссыздық бойынша қандай болжамдар айтылып жатыр?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Болжамдар көңіл көншітпейді, өкінішке қарай. Бұған дейін БҰҰ биылғы жылдың екінші тоқсанында «жұмысынан айырылған халық саны 195 миллионға жетуі мүмкін» деп топшылаған болатын.

***

Екі айда 36,5 миллион америкалық жұмыссыз қалды 

Жұмыссыздық мәселесі америкалықтар үшін өзекті түйткілдердің біріне айналды. Пандемия басталғалы әр апта сайын мұнда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш білдіргендер қатары миллиондап артып келеді. Сөйтіп, соңғы екі айда 36 миллион 500 мың АҚШ тұрғыны екі қолға бір күрек таппай қалған. Елде біртіндеп карантин шаралары жеңілдетіліп жатыр. Сөйтіп, кәсіпорындар мен түрлі мекемелер қызметін қайта бастады. Соған қарамастан, сарапшылар «биылғы жылдың екінші тоқсанында пандемия кесірінен жұмыссыздық деңгейі 25%-ке дейін жетуі мүмкін» деп топшылап отыр.

Грегори Дако, Oxford Economics компаниясының өкілі:

- Бір ғана сәуірдің өзінде 20 миллион адам жұмысынан айырылды. Алайда, шындығында бұл сан одан да жоғары болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіштер 2021 жылы қажетті деңгейге дейін төмендейді деп ойламаймын. Себебі уақытша табыс көзінсіз отырған азаматтар ақырында жұмысқа мүлде оралмауы мүмкін. Неге дейсіздер ме? Өйткені қызметінен босатылған америкалықтарға жәрдемақыға қосымша әр апта сайын тағы 600 доллардан төленіп отырады. Сөйтіп, кейбіреулер осы ақшаға күн көріп, үйде отыра бергенді жөн санайды. Бұл жағдайда вирусты жұқтыру қаупі де төмен.

***

Үндістанда жұмыссыздық деңгейі рекордтық межеге жетті

Үндістандағы жағдай да мәз емес. Елдегі жұмыссыздық деңгейі 27%-тен асып кетіп, рекордтық межеге жеткен. Елде пандемия салдарынан сәуірде 122 миллион адам табыс көзінен айырылған. Бейресми дерек бойынша бұл сан 40 миллионға жоғары көрінеді. Ірі қалаларға ақша табуға келген еңбек мигранттары енді үйлеріне орала алмай, әлекке түскен. Өйткені шектеу шараларына байланысты өңірлер арасында қатынауға тыйым салынған. Ашынған жұрт ереуілге шығып, соңы тәртіпсіздіктерге ұласып жатыр. Кейбір еңбек мигранттары туған ауылдарына жаяу жетпек болған. Алайда, оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Мәселен, 2 апта бұрын үйлеріне қарай жаяу шыққан адамдар тура темір жол рельстерінің үстінде ұйықтап қалған болатын. Салдарынан 16 адамды тауар пойызы басып кеткен. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін билік еңбек мигранттарының қайтуына арнайы пойыздар мен автобустар бөлді. Алайда, бұл жолы да халықтың наразылығы басылмады. Себебі пойыз бен автобуста отыратын орын жетпей қалған.  

Блиц 1:

Біз мында таңғы төрттен бері тұрмыз. Не су, не тамақ берген жоқ. Тезірек үйімізге қайтсақ екен өзі.

Блиц 2:

- Біз негізі жұмыс берушілерімізден үйге қайту мәселесі бойынша көмек сұраған болатынбыз. Алайда, олар «білгендеріңді істеңдер» деп қоя берді. Біз мына жерде тамақ сұрап, астың орнына таяқ жеуге мәжбүрміз.

Блиц 3:

-Біз тіркелген мигранттар үшін автобустар ұйымдастырдық. Алайда, бұл жерге қосымша тағы 600-700 адам келді. Сондықтан қосымша автобустар алдыруға мәжбүр болдық. Оларды зарарсыздандыру керек. Бұл уақытты қажет етеді.

***

Ұлыбританияда жұмыссыздар саны 2 миллионнан асты

Ұлыбританияда сәуір айында короновирустың кесірінен жұмыссыздар саны 856 500 адамға көбейіп, жалпы саны 2 миллионнан асты. Бұл туралы жергілікті Ұлттық статистика басқармасы хабарлады. Қазір бізбен тікелей байланыста лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы.

Диктор:

- Ғалымжан, осы жайлы кеңінен айтып берсеңіз?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қазір мен Jobcentre Plus жұмыспен қамту орталығы жанында тұрмын. Бұл Ұлыбританияның Еңбек және зейнетақы департаментіне қарасты мекеме. Локдаунға байланысты оның есіктері қазір жабық, бірақ өтініштерді онлайн қабылдап жатыр. Мемлекеттік бағдарлама 7,5 миллионға жуық жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесті. Қазан айынының соңына дейін жұмысшылар үйде отырып, жалақысының 80%-іне дейін ала алады. Бірақ ол 2 500 стерлинг фунтынан аспауы керек. Бұл ақысы төленетін еңбек демалысындағы жұмысшыларға қатысы жоқ. Дегенмен, үкімет бизнесті де, жұмыссыздарды да барынша қолдаймыз деп отыр.

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

- Біз қолымызды қусырып, қарап отырмаймыз. Сондықтан бизнесті қолдауға бағытталған бұрын-соңды болмаған шараларды жүзеге асырдық. Жұмыс берушілер 10 немесе 25 мың стерлинг фунты көлемінде қаржылай субсидия ала алады. Сондай-ақ проценттік мөлшерлемесі төмен несиеге қол жеткізіп, салық төлеуді кейінге шегеруіне болады. Мұның бәрі дағдарыстан мүмкіндігінше аман шығуға ықпал етпек. Жағдай жақсарғанда жұмысшылар да қатарға қосыла алады.

Диктор:

- Ғалымжан, айтыңызшы, қай жастағы адамдар көбіне жұмыссыздыққа ұшырап отыр?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Осы айдың басында жүргізілген және бүгін жарияланған Resolution Foundation қорының мәліметінше, 24 жасқа дейінге азаматтар мен 60 жастағы ересек кісілердің көбі жұмыссыз қалғаны белгілі болды. Экономистер «үкімет дер кезінде шара қолданбағанда жағдай бұдан да сорақы болуы мүмкін еді» дейді.

***

Ресейдегі жұмыссыздар саны 2,5 миллионға дейін жетуі мүмкін 

Көрші мемлекет – Ресейдегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Мұнда ресми тіркелген жұмыссыздар саны 1,5 миллионнан асып кетті. Бір ай бұрын ғана бұл көрсеткіш екі есе аз болған еді. Еңбек министрлігі «алдағы уақытта табыс көзінен айырылғандардың саны тағы бір миллионға артып, екі жарым миллионға жетуі мүмкін» деп ескертіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы