405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та афроамерикалықты өлтірген полицей қамауға алынды

  • 123
  • UPD: 14:14, 30.05.2020

АҚШ-та полицей қолынан қаза тапқан афроамерикалық Джордж Флойдқа қатысты оқиға барған сайын жаңа қарқын алып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік ер адамды тұтқындауға келген тәртіп сақшыларының бірін қамауға алды. Анықталғандай, афроамерикалықты жерге жатқызып, 8 минут бойы тізесімен мойнын басқан тап сол кісі екен. Қазір оған «абайсыз адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Миннесота штатының заңына сәйкес, енді ол 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, осы іске қатысы бар қалған 3 полицейдің әрекеті қазір тексеріліп жатыр.

Майк Фриман, прокурор:

Полицейге адам өлтіру бойынша айып тағылды. Қазір айғақтарды тергеп-тексеріп жатырмыз. Алдағы уақытта оған басқа да айып тағылуы мүмкін. Қазір ол қамауда. Ал қалған 3 полицейге келер болсақ, олардың әрекетіне қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жалпы бұл іс өте тез тексеріліп жатыр. Өйткені Джордж Флойдты ұстау сәті бейнежазбаға түскен. Біз оны бірнеше рет көріп шықтық. Бұдан бөлек, осы іске қатысты куәгерлер мен медицина мамандарының сараптамасы да бар.

Ал, Миннесота штатындағы ереуілдің басылар түрі жоқ. Керісінше, ол жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Ашынған жұрт жолындағының бәрін қиратып жатыр. Тіпті полиция учаскесін қоршауға алып, оған басып кірмек болған. Себебі, дәл осы учаскеде Флойдты тұтқындау кезінде күш қолданған тәртіп сақшылары жұмыс істеген. Бұдан бөлек, толқу кезінде CNN тілшісі мен түсірілім тобы қамауға алынды. Полицейлер журналистерді оқиға орнынан тікелей репортаж жүргізіп тұрған жерінен ұстап әкеткен. Алайда, ұсталғандардың расымен де журналистер екені анықталғаннан кейін бірден босатылды.

Аймақтағы ахуалға байланысты қазір Миннеаполисте 72 сағатқа төтенше жағдай енгізілді. Тиісті қаулы мэрия сайтында жарияланды. Шаһардағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық гвардия әскері тартылды. Атлантаға да әскерилер жіберілді. Жалпы қазіргі уақытта ереуіл тек Миннеаполисте ғана емес, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Мемфис, Денвер қалаларында да өтіп жатыр. Жұрт афроамерикалықтың құқығы тапталды деп наразы .

Айта кетейік, елдегі ереуілге 25 мамырдағы оқиға түрткі болды. Бұл күні тәртіп сақшылары жалған чекпен есеп айырысқан күдікті Джордж Флойдты тұтқындауға келеді. Бірақ полиция тарапынан болған күш көрсетуден афроамерикалық азамат қайтыс болады.  Осыдан соң бұл іске қатысы бар төрт полицей жұмыстан қуылды.

Хабар 24 телеарнасы