428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп АҚШ жеріндегі тәртіпсіздікті терроризмге теңеді

  • 339
  • UPD: 22:23, 02.06.2020

АҚШ-та осымен бір апта ереуілдердің басылатын түрі жоқ. Нью-Йоркте дүкендерді тонау, ғимараттарды қирату деректері әлі жалғасуда. Сол себепті мұнда коменданттық сағат жарияланды. Шолушылар мұндай қақтығыстарды 60-жылдардан бері алғаш көруіміз дейді. Енді ресми сараптама нәтижелерін қолға алған Флойд отбасының адвокаттары тұтқындауға қатысқан полицейдің төртеуі де жазаға тартылсын деп отыр. Негізі бұл іске қатысты тәртіп сақшыларының тек біреуі ғана қамауға алынған еді. Қалған үшеуі тек қызметінен босатылған. Ал марқұмның бауыры бүлік шығарып, тәртіпсіздіктер орнатқан жұртты сабырға шақырды.

Терранс Флойд, марқұмның бауыры:

- Сіздердің қандай күйде екендеріңізді жақсы түсенімін. Алайда қазір не істеп жатсыздар? Бұларыңыз не? Менің бауырым қайтып оралмайды. Ол тірі болса мұндай жағдайды көргісі келмес еді. Біз өз ойымызды жеткізу үшін өзгеше жолмен әрекет етуіміз керек. 

Жұртты ақылға келуге полицейлер де шақырып отыр. Біраз тәртіп сақшысы ереуілшілерді қолдайтындарын жеткізді. Бірақ олар ашуға бой алдырмай, бейбіт ереуіл өткізуге үндеп отыр. Осылай деген полицейлер тізе бүгіп, шерушілерге қолдау көрсетті. Сондай әсерлі бейнежазбалардың бірі Калифорния штатында түсірілген. 

Том Хэнсон, полицей:

- Менің полицияда жұмыс істеп жүргеніме 34 жыл болды. Талай адамға көмегім тиді. Бірақ жұмыс бабы бойынша ешкімді ренжітіп көрген емеспін. Сондықтан полицейлердің барлығы бірдей жаман деп, көпке топырақ шашудың қажеті жоқ. Тәртіп сақшылары сіздердің қауіпсіздігіңіз үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Нью-Йорктегі қазақ полицей Димаш Ниязов та соңғы оқиғаларға қатысты өз ойымен бөлісті. Біздің АҚШ-тағы тілшімізге берген сұхбатында ол Нью-Йорктегі жағдай жайлы баяндады. 

Димаш Ниязов, полицей:

- Кеше 20 сағат бойы жұмыста болдым. Шынымды айтсам, бұл менің өмірімдегі ең ауыр күн болды. 10 мыңдай адам Barclays стадионына басып кіруге әрекеттенді.  Алайда полицейлер ереуілшілердің бұл әрекетіне тосқауыл болды. Жалпы ашуға булыққан жұрт полицейлерге қолға түскеннің бәрін лақтырды. Ал күн батқанда бізге оқ жаудыра бастады. Бірақ бірде-бір тәртіп сақшысы одан зардап шеккен жоқ. Алайда бір әйел адам қаза тапты.  Қазір біз азаматтарды сабырға шақыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлік жайт, ереуілге шыққан жұрттың бәрі қатігездікке жол беріп жатқан жоқ. Бейбіт шеруге шықпақ болғандардың да қарасы қалың. Жалпы,елдегі ереуіл кенеттен туған жоқ. Және түпкі мәселе нәсілшілдікте емес. Кейбіреулер осылайша Трамптан құтылғысы келеді. Ал Трамп болса еркіндік пен капитализмді қалайды. 

Негізі полицейлерден бөлек қарапайым халық та ереуілшілерді сабырға шақырып отыр. Мәселен, Хьюстонда белсенділер тобы шіркеудің алдына жиылып, тізе бүкті. 

Ал биліктің пікіріне келсек, АҚШ президенті бұл оқиғаларды бейбіт шеру емес, ішкі лаңкестік деп санайды. Сондықтан өрекпіген жұртты тарату үшін әскер қолдануы мүмкін екенін жеткізді. Негізі, 1878 жылы қабылданған заң бойынша қарулы күштер ел ішінде әрекет етуі үшін ең алдымен конгрестің рұқсатын алу керек. Алайда BBC агенттігінің хабарлауынша, Дональд Трамп 1807 жылы қабылданған «Бүлік әрекеттеріне қарсы әрекет ету туралы» заңды қолданамын деп отыр. Оған сәйкес, штат губернаторлары жаппай тәртіпсіздіктер кезінде федералдық үкіметтен әскер жіберуін сұрай алады. Алайда бірде- бір губернатор әлі ондай өтініш білдірмеген. Олар әдетте мұндай жағдайда Ұлттық гвардияның көмегіне жүгінеді.      

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Менің Президент ретіндегі басты міндетім - еліміз бен американдықтарды қорғау. Менің әкімшілігім де Джордж Флойдтың қазасына қатысты әділдікті қалайды. Алайда ашынған бүлікшілер кесірінен бейбіт шерушілердің жанайқайы естілмей жатыр. Осы ретте әрбір губернатор көшеде жүрген Ұлттық гвардия жауынгерлерінің жеткілікті санын қамтамасыз ету керек. Егер қандай да бір штат не қала басшылығы одан бас тартады екен, мен бұл мәселеге әскерилерді тартуға мәжбүр боламын. Коменданттық сағат сақталу керек. Оны бұзғандар заң алдында жауапқа тартылады.

АҚШ билігінің ереуілшілерге қатысты әрекетіне БҰҰ қарсы. Антониу Гуттериш шерушілерді тарату үшін полицейлердің қатаң шаралар қолданғанын қаламайды. Соңғы мәлімет бойынша, күшіне сенген тек полицейлер ғана емес. Мәселен, Лас-Вегаста ереуілдер кезінде әлдекімдер тәртіп сақшысын бастан атып, өлтірді. Осылайша ел ішінде алауыздық туып, толқу көбейіп тұр. Сондықтан коменданттық сағаттың қашан аяқталары белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы