426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузия ішкі туризмді дамытуға көбірек көңіл бөледі

  • 245
  • UPD: 15:35, 13.06.2020

Мамыр айынан бастап Грузия өзге елдермен әуеқатынасын қалпына келтіру жөнінде келіссөздер жүргізіп келеді. Алайда басылмай тұрған коронавирус пандемиясы бұған қайта кедергі келтіруде. Қол жеткізген келісімдерінен бас тартуға тура келді. Бұл Грузия экономикасына ауыр соққы болды. Сарапшылардың болжауынша, биыл туризм саласынан түсетін табыс 60% азаяды.

Грузия 1 шілдеден бастап халықаралық әуе қатынасын қайта бастауды жоспарлаған еді. Алайда келісім жасасқан елдерде эпидемиологиялық жағдай ушығып кетті. Енді үкімет ішкі туризмді дамытуға бар күшін салмақ. 

Натия Турнава, Грузияның экономика және тұрақты даму министрі:

- 15 маусымда ішкі туризм ашылады. Биыл оған көп көңіл бөліп, үлкен үміт артамыз. Азаматтарымызды жергілікті қонақ үйлерде демалуға шақырып отырмыз. Екінші маңызды бағытымыз шетелдік туристерді қабылдауға дайындық. Күн сайын өзге елдердегі эпидемиологиялық жағдайды бақылап жатырмыз. Израильмен келісіміміз болған еді, бірақ ол елде жағдай ушығып кетті.  

Коронавирус салдарынан халықаралық туризм жақын арада қалпына келмейтін түрі бар. Грузия экономикасы үшін бұл туризмнің маңызы зор. Өйткені  ел халқының 11 проценті осы салада  жұмыс істейді. 

Георгий Мжаванадзе, Iset Policy Institute аға зерттеушісі:

- Ресми статистикаға сүйенсек, Грузияның туризммен байланысты салалары елдің жалпы ішкі өнімінің 11,6 процентін құрайды. Бұл қонақүйлер мен мейрамханалар, туристік және көлік компаниялары. Ал біздің есебіміз бойынша, экономикамыздағы туризмнің үлесі бұдан да көп, шамамен 14,5 процент.

Былтыр шетелдік туристер Грузияда 3 миллиард долларға жуық қаражат қалдырған. Ішкі туризмнен түскен табыс бұдан үш есе кем. Ал Грузия азаматтары шетелдегі демалысқа 600 миллион доллар жұмсапты. Енді үкімет азаматтарын өз елінде демалуға үгіттеп отыр. 

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы