426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мысыр туристерді қабылдауға дайын

  • 296
  • UPD: 21:42, 28.06.2020

Мысыр туристік маусымға дайындалып жатыр.

1 шілдеде елдің курорттық аймақтары карантиннен кейінгі алғашқы келушілерді қабылдайды. Бұл қадамға жергілікті билік ұзақ әзірленді. Осы мәселе төңірегінде билік пен жеке сектор арасында кикілжің де туындады. Дауласа келе, қос тарап ортақ шешімге келді. Бірінші кезекте санитария және эпидемиологиялық нормалардың сақталуы. Атқарушы билік демалушылар үшін артық кедергі келтірмеуге уәде беріп отыр.

Карантин кезінде Мысыр парламентінде ең жиі талқыланған мәселе - туризм. Ол түсінікті де. Коронавирустың кесірінен ай сайын мемлекет қазынасы туризмнен түсетін миллиардтаған доллардан қағылып отырды. Сарапшылар егер эпидемия күзге дейін созылса, жалпыұлттық дағдарыс болады деген үрейлі болжамдар жасады. Сондықтан дертті жұқтырғандардың саны сәл төмендеген тұста Мысыр басшысы қонақүйлер мен жағажайларды ашуды тапсырды. Бірақ басты талап - ұшақтың трапынан бастап, қонақүй табалдырығына дейін туристердің эпидемиологиялық қауіпсіздігін қатаң қадағалау қажет.

Хишам Абдель Мунир, туризм басқармасының бөлім инспекторы:

- Бірақ мұндай қауіпсіздік шаралары біздің қонақтарымызға қолайсыздық тудырмауын да ескеруіміз керек. Туристер тек вирусты жұқтырмағанын жазбаша растауға және инфекцияның жоқтығын растайтын талдау нәтижелерін ұсынуы тиіс. Шын мәнінде, бұл стандартты ереже. Сонымен қатар бірнеше ұсыныстар: көшеде және ұшақ бортында әлеуметтік қашықтықты сақтау.

1 шілдеден бастап туристерді тек Қызыл теңіз жағалауындағы қонақ үйлер ғана қабылдай бастайды. Алғашқы уақытта қонақүйлер тек 70% ғана жүктеледі. Егер курорттар ашылған соң індет таралып кетпесе, Мысырдың өзге де жағажайлары қонақтарды қабылдай бастайды.

Әли Шаири, қонақ үйлер желісінің аға менеджері:

- Біз қонақтарымыздың біреуі вирусты алып келетінін не осы жерде жұқтырып алу қаупін жоққа шығармаймыз. Бұл жағдайда біз бірқатар ұсыныстар әзірледік. Індет анықталған жағдайда туристке Мысырда құрылған COVID-19-пен күрес қорының есебінен дәрі-дәрмектер мен қажетті емдеу ұсынылады. Алайда қазірдің өзінде курорттарда жағдай қатаң бақылауда тұр. Шарм-эль-Шейх, Хургада және Мерс-Матрух курорттары «таза аймақ» деп жарияланды.

Сонымен қатар туристерге қонақ үйлерден немесе мейрамханалардан тысқары тамақ немесе сусындар ішуге кеңес берілмейді. Ал вирусты жұқтырудың қандай да бір белгілері пайда болған жағдайда қонақ үйдің әкімшілігін хабардар ету қажет. Қауіпсіздік сертификаттарын әзірге 232 қонақ үй алды. Ел билігі кейбір карантиндік шаралардың әлсірегенін хабарлады: коменданттық сағатты қысқартылмақ, дүкендердің жұмыс істеу уақыты 60 минутқа ұзарды. Тағы бір жағымды жаңалық, туристерді тарту үшін жергілікті компаниялар әуе билеттерінің бағасын 20% төмендетпек. Мемлекет те қарап қалмады: үкіметтің өкімі бойынша 1 шілдеден бастап әуекомпанияларға керосин сатып алуға жеңілдіктер берілмек.

Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад

Хабар 24 телеарнасы