417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Италия коронавирус құрбандарын аза тұтты

  • 174
  • UPD: 20:37, 29.06.2020

Австралиядағы ең ірі қалалардың бірі саналатын Мельбурн қаласында вирус жұқтыру дерегі жиілеп барады. Тек соңғы тәуліктің ішінде 75 адамнан коронавирус анықталды.  Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін. Өйткені, бұған дейін дәрігерлер сынаманы ауыз қуысынан алып келген. Бірақ, мұрыннан алынатын сынамамен салыстырғанда оның нәтижесі дәл шықпайтын көрінеді. Ел премьер-министрі Скот Моррисон болса вирус жұқтыру дерегінің артатынын жоққа шығармады. 

Скотт Моррисон, Австралияның премьер-министрі:

- Ия, Виктория штатында індеттің таралуы алаңдатады. Бірақ вирустың тез таралуын ескерсек, бұны біз күтпеген құбылыс деуге келмес. Егер Виктория штатының басшылары қандай да көмекке мұқтаж болса, біз қолдан келгенді жасаймыз.

Ал бұл Италияның Бергамо провинциясында өткен салтанатты аза тұту. Қаралы жиында XIX ғасырда өмір сүрген бергамолық композитор Гаетано Доницеттидің жаппай реквиемі ойналды. Осылайша Италия коронавирустан көз жұмғандарды еске алды. Оған Италия президенті Серджио Маттарелла қатысып, аза тұтқан халыққа көңіл айтты. Айта кетерлігі, Бергамо вирустан қатты зардап шеккен аймақ саналады. Сондықтан шараға бұл провинцияға қарасты 243 қаланың мэрі де қатысты. Қазір індеттің беті қайтқанымен, соңғы тәулікте 8 адамның аурудан дүние салғаны белгілі болды.  

Серджио Маттарелла, Италия президенті:

- Бергамоның бұл індеттен қалай жапа шеккенін тұтас Италия жақсы біледі. Қаншама адамның өмірі қиылды, қаншама отбасы қара жамылды. Бұны біз ешқашан да ұмытпаймыз. Халық елдің жүрегі саналатын Бергамо провинциясымен бірге. 

Осылайша Италия мэрлері қол шапалақтау арқылы халықтың рухы сынбайтынын білдірсе, АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс сақтық шараларын ұстанатын Техас тұрғындарына қол соқты. Ол осы беттен таймаса техастықтар вирусты жеңетінін білдірді. Қазіргі таңда мұндағы жағдай мәз емес. Күн сайын дертке шалдыққандар саны 5 мыңға дейін жетіп жатыр. Сондықтан, вице-президент санитарлық норманы барынша ұстануға шақырады.  

Майк Пенс, АҚШ-тың вице-президенті:

- Егер де жергілікті басшылық арақашықтықты ұстанып, бетперде тағуды сұраса, демек бұл орындалуы тиіс талап. Сондықтан барлықтарыңызды үйде қалуға, ал сыртқа шыққанда масканы тағуды ұмытпауға шақырамын. Тәжірибе көрсеткендей, бұл вируспен күрестегі ең тиімді шара.

Ал індет тоқтады деген Оңтүстік Кореяда  соңғы тәулікте вирус жұқтырудың тағы 42 дерегі анықталды. Барлығы да Сеулдің маңындағы аудандардан шыққан. Кем дегенде 12 адам халықаралық рейстермен ұшып келген сәтте ауырғаны белгілі болды. Оңтүстік Корея билігі вируспен күресте бар күшін салғанымен, Сеул маңындағы тұрғындардың вирусты қалай, қашан жұқтырғанын анықтауда қиналды.  Өйткені метрополитен аймағында 51 млн халық тұрады. Жағдай қайта ушықса, онда үкімет карантин шараларын қайта күшейтетінін ескертті.  

Юн Тхе-о, Денсаулық сақтау министрілігінің ресми өкілі:

- Жергілікті тұрғындар арасында вирус жұқтыру дерегі маусымның 14-і мен 27-сі аралығында кемігені байқалады. Алайда ауданы шағын жерлерде жиылғандардың қауіпті індетке қайта шалдығуы мүмкін. Оларды бақылауда ұстау қиынға соғып тұр. Егер метрополитеннің аумағынан асып кетсе, онда вирус қайта өңірлерге тарайды. 

Токиодағы Диснейленд коронавируспен күрестің амалдарын пысықтап жатыр.  Өйткені шілденің бірі күні келушілерге есігін қайта ашпақ. 4 ай бойы жұмысын тоқтатқан көңіл көтеру орталығы қазір жұмысшыларын жинап, келушілер үшін арақашықтықты ұстанудың ережесін ойластыруда. Яғни кіреберісте адамдардың дене қызуы тексеріледі. Егер кім де кімнің температурасы көтеріліп тұрса, онда кіруге рұқсат берілмейді.

Хабар 24 телеарнасы