418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Латын Америкасында COVID-19 бойынша ахуал оңалмай тұр

  • 136
  • UPD: 21:56, 08.07.2020

Әлемде КОВИД-19 пандемиясы шарықтау шегіне жеткен жоқ. Вирусты жұқтырғандар саны әлі де артып, індет тек үдей түсуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай мәлімдеме жасады.

Коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша, да кісі өлімі бойынша да әлемде көш бастап тұрған ел АҚШ. Ең күрделі жағдай Техас, Айдахо, Аризона, Флорида мен Калифорния штаттарында. Мамандар шектеу шараларын қабылдамаса, күн сайын 100 мың жаңа науқастан тіркелуі мүмкін. Қазірдің өзінде де жағдай мәз емес. Мәселен, 3 шілдеде мұнда бір күнде 52 мың американдықтың вирусты жұқтырғаны расталды. Сондықтан кейбір штаттар карантинді қайта енгізген.  

Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас эпидемиологы:

- Жай ғана барларды алып қарайықшы. Олар сыртта емес, ғимараттың ішінде орналасқан. Ал бұл вирустың тез таралуы үшін қолайлы жер. Сондықтан барларды жауып, қолды жиі жуып, маска тағып, қауіпсіз қашықтықты сақтағанымыз жөн. Осының өзі вирустың таралуын тежеу үшін үлкен қадам деп айтар едім.

Шектеу шаралары тек АҚШ штатарында ғана емес, өзге елдерде қайта енгізіліп отыр. Мәселен, Австралияның Мельбурн қаласының тұрғындары енді алдағы 6 апта бойы үйде отыратын болды. Өйткені билік өзін өзі оқшаулау тәртібін енгізді. Себебі шаһарда коронавирус қайта өршіп барады. Бұдан бөлек осы Мельбурн орналасқан Виктория штатының көрші Жаңа Оңтүстік Уэльс штатымен арадағы шекарасы жабылды. Мұндай жағдай соңғы рет 100 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1919 жылы болған еді. Ол кезде арадағы шекараны испандық тұмау пандемиясына байланысты жабуға тура келген.

 Гладис Береджиклян, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі: 

- Енді Виктория штатаның тұрғыны біздің аумаққа  өтеалмайды. Шұғыл қажетті болса, рұқсат қағазын көрсетуі керек болады. Қана қиын болғанымен, халық саулығы үшін осындай қадамға бардық. Викторияда қазір коронаирус аса жылдамдықпен тарап жатыр. Сондықтан, сақтану  қажет.

Бразилиядағы жағдай да оңып тұрған жоқ. АҚШ-та вирусты жұқтырғандар саны 3 миллионнан асса, Латын Америкасындағы бұл елде олардың саны бір миллион 700 мыңға жуықтап қалды. Соңғы тәуліктің өзінде мұнда 45 мың жаңа науқас тіркелді. Солардың қатарында президент ЖаИр БолсонАру да бар. Мемлекет басшысы жексенбі күні өзін нашар сезінген. Сөйтіп, тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Алайда соған қарамастан президент бұрынғысынша карантин шараларын сынға алуын қояр емес.

Бразилия президенті шектеу шараларын елемесе, осы Латын Америкасындағы Колумбия басшысы сақтық қамына кірісіп, карантинді 1 тамызға дейін ұзартты. Өйткені елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсармай тұр. Мәселен, соңғы тәулікте мұнда коронавирусты жұқтырудың 4213 дерегі расталды. Бұл пандемия басталғалы 24 сағатта тіркелген рекордтық көрсеткіш.

Дейман Кастелланос, Богота тұрғыны:

- Билік карантиннің бұзылмауын қатаң қадағалап отыр. Алайда шектеу шараларын елемейтіндер әлі де болса көп.

Колумбия халқы биліктің карантинді ұзартқанын құптап жатса, сербиялықтар оған қарсы екендерін айтып, ереуілге шықты. Алайда шара соңы қақтығыстарға ұласып кетті.

Елде коронавирусқа қатысты ахуал нашарлап кеткен. Науқастар саны артып, ауруханада орын жетпей жатыр. Сондықтан билік қайтадан карантин енгізді. Алайда мұны естіген жұрт парламент алдына жиылып, ғимаратқа басып өтпек болған. Ашынған ереуілшілерді тарату үшін полицейлер резеңке таяқ пен көз жасаурататын газ қолданды. Ал тұрғындар тәртіп сақшыларын таспен атқылап, бөтелке лақтырған. Ал мамандар «ереуіл соңы науқастардың күрт артуына әкеп соқтырмаса болды» деп күдіктеніп отыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы