431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ экономикасын қалыпқа келтіру: Маршаллдың жаңа жоспары

  • 237
  • UPD: 23:10, 08.07.2020

Коронавирус пандемиясы Еуропаның экономикасына ойсыратпақ. Бұл туралы кезекті есебінде Еурокомиссияның экономика жөніндегі комиссары Паоло Гентилони мәлімдеді. Негізінде дағдарыс жайлы мамыр айында айтылып,  дабыл қағылған еді. Дегенмен, ол кезде болжам бойынша Еуропалық Одақ елдерінің экономикасы 7,4 процентке, Еуроаймақтың жалпы ішкі өнімі 7,7 процентке қысқарады делінген-ді.  Соңғы есепті естіген 27 елдің тіптен салы суға кетті.  Бір ғана мысал. Вирустан ең қатты зардап шеккен Франция, Италия, Испанияның қаржы саласы 10 процентке құлдырауы мүмкін. Германия экономикасы 6,3 процентке әлсірейді.

Паоло Гентилони, Еурокомиссияның экономика жөніндегі комиссары:

- Пандемия Еуропаның экономикасына ас үлкен көлемде шығын әкеледі. Еуро аймақтың жалпы ішкі өнімі 8,8 процентке қысқарады. Ал, Еуропалық Одақ елдері үшін экономика 8,3 процентке қысқарады. Бұл көктемдегі болжамнан 1 процентке көп деген сөз. Оның үстіне егер індеттің екінші толқыны болмаса деген болжаммен жасалды.

Бұл көңіл көншітпейтін болжамнан соң, Еуропа елдері алаңдай бастады. Ізінше Италия және Португалия премьерлері Лиссабонда бас қосты. Италиялық саясаткер Джузеппе Конте Еурокомиссия есебінен соң, экономиканы қалыпқа келтіретін жоспарды тездетіп бекіту керек деп отыр. Премьер меңзеген жол Еуропалық одақ ұсынған Маршалла жоспары. Бұл құжатқа сай, дағдарыспен күреске 750 млрд еуро жұмсау көзделген. Десе де, жоспарды 27 ел бірдей қолдауы керек. Ортақ ақшаның бөліске түсуіне бүгінде Австрия, Дания, Швеция, Нидерланды елдері қарсы.

Джузеппо Конте, Италия премьері:

- Бізге қазір ең алдымен экономиканы қалыпқа келтіру керек. Онсыз біз құрдымға кетеміз. Жылдам әрі уақытылы қабылданған жоспар арқылы жеңген немесе жеңілгендер болмайды. Еуропа елдері бірауыздан қаржы саласын қалыпқа келтіріп алады. 17-18 шілде күні өтетін кездесу осы тақырыпқа бағытталған саммит болуы керек.

Контенің бастамасын Португалия премьері Антониу Кошта да қолдады. Бүгінде бұл мемлекет үшін экономиканы қалыпқа келтіру өте маңызды. Өйткені биыл туризм саласынан да пайда түспейді. Кеше ғана Ұлыбритания елі туристері үшін қауіпсіз елдер тізімінен Португалияны шығарып тастаған. Демек, британдық туристер Лиссабонға мәселен саяхаттаса, еліне оралған соң 14 күндік карантинге жабылады. Бұл туристер ағыны қысқарады деген сөз. Өткен жылы Португалияға Біріккен Корольдіктен 2 миллионнан астам адам келгенін ескерсек, бұл жағымсыз жаңалықты билік те, жұрт та ауыр қабылдап отыр.

Армандо Батиста, кәсіпкер:

- Ұлыбритания осылайша қатыгездік танытып отыр. Бұл шешімін қайта қарамаса, қаражаттан қысылғанның сорақысы болайын деп тұр. Британиядық туристер Португалияға Испания елінен кейін ең көп келетін саяхатшылар.

Ал Ұлыбританияға тоқталар болсақ, ол індеттің ауыр зардабын тартқан Кәрі  Құрлық елдерінің бірі. Мұндағы жұмыссыздық ІІ Дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі деңгейге жеткен.  Елдің қаржы министрі Риши Сунак осындай дәйек келтіре отырып, 9 милиион еңбек орнын субсидиялауды ұсынып отыр. Бұл жеке меншік секторының 30 процентін құрамақ.  Өйткені, наурыз -сәуір аралығында 25 процентке баяулаған  экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру оңайға соқпасы анық. Бұл ретте қаржы министрі жұмыссыз қалған жастар үшін алаңдаулы екенін білдірді.

Риши Сунак, Ұлыбританияның қаржы министрі:

«Экономикалық дағдарыс кезінде жастар жағы қашан да қиналатыны белгілі. Бірақ бүгінгі қатердің зардабы оларға қатты тиюі мүмкін. Өйткені, індет тараған тұста еңбек нарығындағы жастардың әр саладағы үлесі теңдей бөлінбеген».

Жалпы індеттің экономикалық салдарымен күрес бойынша Ұлыбританияның қаржы министрі Риши Сунак іс-қимыл жоспарын бүгін ұсынған еді. Британдық қаржы министрі ұсынған жоспардың негізгі тезистері қандай? 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания экономикасы 40 жылда болмаған дағдарысқа ұшырап отыр. Ұлттық статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, елдің ішкі жалпы өнімі бірінші тоқсанда 2,2 процентке түскен. Оған негізгі себеп - үй қожалықтарының шығындарды қысқартуында. Осыған орай Премьер-министр Борис Джонсон инфрақұрылымға бөлінетін қаржыны көбейту керектігі туралы шешім қабылдады. Алғашқы кезеңде ауруханалар мен жол жөндеулері үшін 5 миллиард стерлинг фунты бөлінетін болады. 

- Ұлбыританияның қаржы министрі жастарды жұмыспен қамту - өзекті мәселеге айналғанын ашып айтқан еді. Бұл мақсатқа қанша қаражат бөлуді ұсынып отыр?

Үкімет алты айлық жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін мекемелерге субсидия бөлмекші. Яғни жәрдемақы алып, жұмыссыздыққа ұшыруы мүмкін 16 мен 24 жас аралығындағы жастарға ең төменгі жалақы төлейтін болады. Бұдан бөлек үкімет тағылымдамадан өтушілер үшін 1000 стерлинг фунтын төлеп, фирмалар өз кезегінде оларға еңбек тәжірибесін ұсынатын болады. Өнер және мәдениет секторы да қаржылай қолдауға ие болмақ. Коронавирустан кейінгі кезеңде тұтыну белсенділігін арттыру үшін әртүрлі тауарлар сатып алуға арналған ваучерлермен қамтамасыз ету мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Яғни ересектерге 500, балаларға 250 стерлинг фунты көлемінде қолдау көрсетілмек. Қаржы министрінің пікірін тыңдауға шақырамын.   

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

- Қоғамдық қызмет көрсету орындары 20 проценттен 5 процентке дейін қосымша құн салығынан босатылады. Алдағы 6 ай көлемінде қоғамдық тамақтану, кинотетатр және туризм сияқты бизнес иелері осындай жеңілдікке ие болады деп шештім. Осылайша 150 мыңнан астам кәсіп иесі қолдауға ие болмақ. 

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамынша, ағымдағы жылы Британия экономикасының ішкі жалпы өнімі 11,5 процентке қысқыруы мүмкін. Індеттің екінші толқын жағадан алмаған жағдайда. Бірақ сарапшылар шекера ашылып, экономика қалпына келе бастағанда екінші толқынның болуы әбден мүмкін деп отыр. Сондықтан азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. 

Экономика мәселесі тек Еуропа елдерінде ғана емес жаһан жұртшылығы үшін ең өзекті мәселенің бірі. Індет салдарынан әлем қаржылай шығынға батады. БҰҰ-ның болжамына сай кедейлік деңгейі 8,8 процентке ұлғаяды. Шартарапта пандемия салдарынан 71 миллион адамның өмір сүру деңгейі нашарлайды.

Хабар 24 телеарнасы