424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бельгияда сақтық шаралары тағы күшейтілді

  • 165
  • UPD: 12:11, 28.07.2020

Оған індеттің қайта өршуі себеп, хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы аптада елде вирус жұқтырғандар саны 70%-ке көбейген. Ертеңнен бастап тұрғындардың бір-бірімен араласуы шектеліп, бақылау қатаңдатылады. Компанияларға қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуге кеңес беріліп отыр. Жабық ғимаратта 100, ал сыртта 200 адамнан артық жиналуға болмайды. Қоғамдық орындарда маска тағу міндеттелген. Ал мейрамханалар мен кафелерде бетпердені тамақтанар кезде ғана шешуге рұқсат. Дүкендердің жұмыс уақыты кешкі онға дейін қысқартылды. Фестивальдер, жәрмеңкелер және концерттерді ұйымдастыруға әзірге рұқсат жоқ. Түнгі клубтар да жабық күйінде қалады. Ережені бұзғандарға 250 еуро айыппұл салынады. Ал талапты елемеген қоғамдық тамақтану орындарының иелері 750 еуро төлеуі мүмкін.

Еске сала кетейік, өткен аптада сарапшылар корольдікте эпидемияның екінші толқыны басталды деп мәлімдеген еді.

Софи Уильмес, Бельгия премьер-министрі:

- Соңғы мәліметтер алаңдаушылық тудырып отыр. Вирустың таралу қарқыны үдеп барады. Мәселен, Антверпен қаласында індет қайта өршіді. Бұл шаралар жаппай оқшаулану тәртібін енгізбеу үшін қабылданып отыр.

Жан-Марк Робик, турист:

- Кей дүкен иелерінде үрей бар. Мұны кофе ішіп отырған кезде байқадым. Елде тәртіп қатаң бақыланады. Өзге мемлекеттен келген турист аты-жөнін, ел аумағына кірген және қайтатын уақытын, электрондық поштасы адресін қалдыруы тиіс.

Хабар 24 телеарнасы