425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейруттегі ереуілдер тыйылмай тұр

  • 298
  • UPD: 21:18, 10.08.2020

Ливан астанасында өткен ереуілдерден 700-ден астам адам зардап шекті, хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, Бейрутте ереуілдер тыйылар емес. Бұл жолы наразылық акция соңы тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Ереуілшілер ел президенті мен премьер-министрдің отставкаға кетуін, әрі аймақта мерзімнен бұрын сайлау өткізіп, портта болған жарылысқа қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Жарылыстан кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстары әлі аяқталмады. Бірнеше ондаған азамат іс-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Елге келген шетелдік сарапшылар болса, жарылыс орнында 43 метрлік шұңғыма түзілгенін мәлімдеді.

Бейрутте жарылыстан кейінгі ереуілдер басылар емес. Бұл жолы қаланың қақ ортасына шамамен он мыңнан аса адам жиылған. Бейбіт митинг соңы тәртіп сақшыларымен жаппай қақтығысқа ұласты. Ереуілшілер полицейлерге тас лақтырып, таяқпен ұра бастаған. Ал, кейбір наразы жұрт тіптен парламент ғимаратына қойылған қоршауды бұзып өтпек болады. Одан бөлек, ереуілшілердің бірнеше тобы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратын басып алған. Тәртіп сақшылары жиналғандарды тарату үшін көз жасаурататын газ бен резеңке оқ аша бастады. Салдарынан 728 адам зардап шекті. 1 полицей көз жұмып, 70 тәртіп сақшысы жарақат алды. 19 ереуілшінің қолына кісен салынды.

Өткен аптадағы жарылыстан енді есін жиған жұрттың талабы бір. Биліктің отставкаға кетуі. Өйткені басшылық қауіпті затты алты жыл бойы сақтап, салғырттық танытқан. Одан бөлек, елдің экономикалық жағдайы да тұрғындардың көңілінен шықпайды. Ереуілшілердің бұл бастамасын АҚШ тарапы қолдады. Дипломатиялық өкілдіктің ресми сайты «Ливан жұрты ұзақ уақыт зардап шекті. Біз жаппай ереуілдерді қолдаймыз» деген мәлімдеме жариялады. Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп Ливан халқына қажетті көмекті көрсетеміз деп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- АҚШ тарапы қажетті дәрі-дәрмек, азық-түлік, ішетін су жүктелген үш ұшақ көмек жіберді. Алдағы уақытта тағы ұшақтар жібереміз. Қайғыдан қан жұтып отырған жұртқа сондай-ақ қаржылай да көмек көрсетеміз. Әзірге нақты сомасын айта алмаймын. Бірақ әлеуметтік тұрғыда қол үшін созу міндетіміз деп ойлаймын.

Көмек демекші, Франция президенті Эммануэль Макронның бастауымен өткен видеоконференция нәтижесі бойынша Ливанға 250 миллион еуро қаржылай көмек көрсетілетін болды. Қол ұшын созғандардың қатарында Қызыл крест, Еуроодақ, Халықаралық валюта қоры, Катар, Түркия, Ирак елдері бар. Алдын ала есеп бойынша Бейрутті жарылыстан кейін қайта қалыпқа келтіруге 15 млрд еуро қажет.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Төртінші тамыздағы жойқын жарылыстан ес жиятын уақыт жетті. Шет мемлекеттердің көмегін жинап, Ливан халқына тез жеткізуіміз керек. Енді Ливан билігі жергілікті тұрғындар талап етіп отырған саяси және экономикалық реформаларды өткізуі керек. Бұл қадамдар арқылы халықаралық ұйымдар Ливанның қайта қалпына тез келуіне көмектесе алады.

Бұл арада Бейруттегі кемежайда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Айта кетейік, жарылыстан 150-ден астам адам көз жұмып, алты мыңдай тұрғын зардап шеккен болатын.Тағы 300 мыңдай адамның баспанасы қирап қалған. Елге келген шетелдік сарапшылар жарылыстың қуатты болғаны соншалық, ол жерде қазір 43 метрлік шұңғыма түзілгенін айтады. Ал, кеше ғана тәртіп сақшыларымен қақтығысқа түскен жұрт болса «бүгін тағы ереуілге шығамыз» деп отыр.

Блиц 1:

- Тәртіп сақшылары кеше бізге қарсы газ қолданып, оқ ашты. Онсыз да қаншама халқынан айырылған билік мұндай қадамға барады деп ойламаппын. Біздің дауысымызды естімейінше, ереуілдерге шыға береміз.

Блиц 2:

- Бізге революция керек. Ол дегеніңіз қан төгіледі деген сөз. Не біз не билік тірі қалады. Жемқорлық пен әділетсіздіктен қажыдық.

Айта кетейік, оқиға орнына келмек болған екі министрді ашуға булыққан жергілікті тұрғындар қуып шыққан. Тіпті елдегі ахуалға байланысты бүгінде қоршаған орта және әкімшілік даму министрі Дамианос Каттар мен ақпарат министрі Манал Абдель Самад өз еріктерімен отсавкаға кетті.

Хабар 24 телеарнасы