425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Киевтегі «Мульт-ленд» көрмесін жүз мыңнан астам көрермен тамашаламақ

  • 229
  • UPD: 16:05, 15.08.2020
Киевтегі «Мульт-ленд» көрмесін жүз мыңнан астам көрермен тамашаламақ

Әйгілі Немо, Алладин, Миньон, Микки Маус, Рапунцель және Шрэк: оннан астам мультфильмнің әр балаға аса таныс кейіпкерлері көрме көркін келтіріп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ғана Шрэкті жасау үшін 20 мыңнан астам өсімдік қолданылған, жалпы дәл осы шараға 300 мың түп гүл арнайы егілген екен. Құр ғана Шрэктің мүсіні емес, оның сүйікті батпағы мен сазы да арнайы соғылыпты, мультфильмдегі ағаш үйі де аса шынайы көрінеді.

Людмила Давженко, дизайнер:

- Безендіру жұмысы біраз уақытты алды және мына тоғанды да арнайы қаздық. Батпақ және ондағы өсімдікті де арнайы алдырдық. Әр мүсінді шынайы жасап шығуға тырыстық, сондықтан көп материал қолданылды. Жасылдандыру, жөндеу бригадалары мен құрылысшылар да атсалысты.

«Көрме 3 мың шаршы метрлік жерде және ашық аспан астында орналасқандықтан, дезинфекция, маска және дистанция тәртібін сақтау оңай», - дейді ұйымдастырушылар. Бір ай бойы бұл жерге жүз мыңнан астам көрермен келеді деп күтілуде. 3D форматындағы мульт-мүсіндердің биіктігі 5 метрден асады. Қолданылған материал түрлері де сан алуан: темір, металл, пенопласт, ағаш және мыңдаған гүл түптері.

Денис Погорелко, көрме ұйымдастырушысы:

- Қолданылған материал түрлері өте көп. Бір және көп жылдық өсімдіктер мен гүлдер пайдаланылды. Әр мүсін адам қолымен жасалған, сонысымен де құнды. Шара өте сәтті орындалды деп ойлаймыз.

Соңғы тәуліктегі ақпарат бойынша коронавирус жұқтырғандар саны Украинада 1732 адамға жеткен, бұл бұрын соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш. Мейрамхана, бар, кафе мен түнгі клубтар түнгі сағат 23:00-ге дейін ғана қызмет ете алады, елде шартты карантин 31 тамызға дейін ұзартылған. Жергілікті мэрия «Мульт-ленд» форматындағы көрмелердің жұмысын қолдайды. Өйткені салқын саябақ пен ашық астындағы шара аясында вирус жұқтырып алу қаупі аса төмен.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы