421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жығылғанға жұдырық. Дүние табиғи апаттардан дүрлікті

  • 234
  • UPD: 21:18, 18.08.2020

Калифорния штатындағы Ұлттық саябақ аумағында Ажал аңғары деп аталатын мекен бар. Сол өңірде ауа температурасы 54,4 градусқа дейін көтерілген. Бұл Жер бетінде ресми тіркелген ең жоғары температура. Соңғы рет рекордтық көрсеткіш 2013 жылы дәл сол Ажал аңғарында болған еді. Онда термометр бағаны 54 градусты көрсеткен. АҚШ-та 1913 жылы да осылай ыстық болған екен. Кейбір мәлімет бойынша Ажал аңғарында ауа температурасы 56,6 градусқа дейін жетсе керек. Алайда қазіргі заманғы метеорологтар 100 жыл бұрынғы өлшемге күмәнмен қарайтынын айтады. 

Гэвин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:

- Күннің ыстығынан электр энергиясымен қамтамасыз етуден қиындықтар туындап отыр. Ол ақауларды 19 тамызға дейін жоюымыз керек. Аномалды ыстықтан штатта 15 өрт дерегі тіркелді.

Өрт демекші, тілсіз жау Бразилияның Амазония өңірінің тұрғындарын әуре-сарсаңға салды. Соңғы бір жылда жергілікті ормандардың жойылу жылдамдығы 14 жылдағы ең үлкен көрсеткішке жеткен. Қызыл жалын 12 ай ішінде 9 мың шаршы метрден астам алқапты күлге айналдырды. Жалпы осы Амазония ормандарын «ғаламшардың өкпесі» деп атайды. Өйткені біз тыныс алатын оттегінің 20 проценті осы ормандардың үлесіне тиесілі. Жалпы Оңтүстік Америкада жыл сайын құрғақшылық кесірінен орман өртенеді. Бірақ биылғы жағдай мамандарды қатты алаңдатып отыр. Өйткені өрттің көрсеткіші кейінгі 10 жылда ұлғайып барады.

 БЛИЦ:

- Менің мұнда тұрып жатқаныма 14 жыл болды. Бұл жағдай жыл сайын тамызда қайталанып отырады.

- Қорқынышты. Онсыз да дүние-мүлкіміз көп емес еді. Енді өрт сөнбесе, оның өзінен де айырылып қалатын түріміз бар. 

Үндістанда жауын-шашын басылмай тұр. Ақ жауын су тасқынына ұласып, қауіпті күшейтіп барады. Табиғат апаты жыл басынан бері 868 адамның өмірін қиған. Былтыр да Үндістанда топан судан көп адам көз жұмған еді. Мамандар оның бірнеше себебі барын айтады. Біріншіден, табиғат апатына Гималай мұздықтарының еруі әсер еткен. Екіншіден, жергілікті арықтыр мен кәріз жүйесі артық суды ағызып үлгермейтін көрінеді. 

Абдуллах Патан, Чхаттисгарх штатының тұрғыны: 

- Біз жыл сайын су тасқыны мәселесін көтереміз. Алайда оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Билік бұл проблеманы қараусыз қалдырып келеді. Соңғы 40 жыл бойына мұнда 2-3 жыл сайын алапат су тасқыны болып тұрады.

 

Үндістанмен көрші Қытай да тасқынның зардабын тартып отыр. Нөсер салдарынан Сычуань провинциясында өзендер арнасынан тасыған. Салдарынан ондаған миллион адам жапа шекті. Құтқарушылар қауіпті аймақ тұрғындарын арнайы лагерьлерге эвакуациялап жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша аспанасты елінің оңтүстік-батысында су тасқынынан келген материалдық шығын 26 миллиард долларға жетті.

Ресейдің  Благовещенск қаласын да су басты. Жергілікті билік шаһарда төтенше жағдай режимін жариялады.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Амур облысында жауын тамыздың 17-сінде басталған. Аймақта өзен, көлдер арнасынан тасып жатыр. Ондаған үй мен көшелерді су алды. Зардап шеккендер жайлы ақпарат түскен жоқ.

Хабар 24 телеарнасы