426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай пандемия кесірінен күйреген экономикасын тіктеуге күш салуда

  • 232
  • UPD: 18:03, 23.08.2020

Қытай пандемия күйреткен экономикасын қайта қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе туризм саласына көп көңіл бөліне бастады. Өйткені бұл саладан түскен табыс елдің жалпы ішкі өнімінің 10 процентін құрайды. Туризм секторын жандандыру үшін шенеуніктер эпидемиологиялық талаптарды жеңілдетіп, азаматтардың қалааралық қатынасына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, індеттен қатты зардап шекпеген елді мекендерде қоғамдық іс-шараларды өткізуге рұқсат берілді.

Қытайда туризм саласы қайта жандана бастады. Қазір мейрамханалар мен қонақүйлерде жұмыс қызу. Егер бұрын туристік нысандар келушілердің 30 процентін қабылдаса, бүгінде бұл көрсеткіш 50 процентке дейін көбейді.  Мысалы, Шанхайдағы «Диснейленд» сатылымға шығатын билеттердің санын арттырып отыр. Ал тұрғындар шекара аса алмағандықтан көбінесе ел ішінде демала бастады.

Ван Цзюньи, қонақ үй қызметкері:

– Коронавирустың таралуына байланысты тұрғындар алыс-сапарға шықпауды жөн көреді. Өткен жылмен салыстырсақ, биыл жұмыс жақсы жүріп жатыр. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап отырамыз. Алаңдауға еш негіз жоқ.

Жуырда әлеуметтік желіде Ухань қаласында ұйымдастырылған жиын-той қызу талқыға салынды. Желі қолданушыларының бір бөлігі тұрғындардың бұл әрекетін қатаң сынға алса, енді бірі шаһардың бұрынғы тыныс тіршілігіне орала бастағанын айтып, ойын-сауық кешін өткізуде тұрған еш әбестік жоқ екенін алға тартты. Ал кешті ұйымдастырушылары болса санитарлық талаптардың ережеге сай сақталғанын айтады. Жалпы, қауіпсіздік шаралары барлық қоғамдық орында бір ізге салынған. Мысалы, жұмыс істеп тұрған кинотеатрларда билеттердің 50 проценті ғана сатылады. Ал 2 сағаттан астам уақыт бойы жалғасатын фильмдер бұрынғыдай еш үзіліссіз көрсетілетін болды. 

Чэнь Цзэнтянь, көрермен:

– Әрине, кино көріп отырғанда біреу мазаңды алмаса екен дейсің. Киноны басынан аяғына дейін үзіліссіз көргенді ұнатамын. Егер жаңа фильмдер шығып жатса, кинотеатрға қайта барамын.

Соңғы бір айдың ішінде кинотеатрларда шамамен 140 млн долларға билет сатылған. Ал сақтық шаралары ең қатал сақталған Бейжің тұрғындарына сыртта маскасыз жүруге рұқсат берілді. Алайда әлеуметтік арақашықтықты сақтау туралы әрдайым ескертіліп отырады.

Авторы: Ботагоз Сырғабаева

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы