428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп пен Байден арасындағы алғашқы пікірсайыс немен аяқталды

  • 121
  • UPD: 14:24, 30.09.2020

АҚШ-та алдағы саяси додадағы бәсекелестер Трамп пен Байденнің алғашқы пікірсайысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президентікке үміткер Дональд Трамп пен Джо Байденнің арасындағы пікірсайыстың алғашқы кезеңі аяқталды. Бас аяғы үш кезеңнен тұратын дебаттың біріншісі Oгайо штатының Кливлэнд қаласында қатаң регламент бойынша өтті. Іс-шара пандемия уақытында өткендіктен, әлеуметтік арақашықтық сақталып, халық теледебатты онлайн режимде көрді. Пікірсайыста алты тақырып қамтылды. COVID-19 пандемиясы, Жоғары сотқа қатысты мәселелер, елдегі экономиканың аяқ алысы, нәсілшілдікке қарсы наразылықтар, Трамп пен Байденнің өткен қателіктері және сайлау қорытындыларының қаншалықты әділ болатыны жайлы ойлар қозғалды. Регламент бойынша әр тақырыпқа 15 минуттай уақыт берілді. Және пікір сайысшыларға қойылған сұраққа жауап беру үшін әрқайсысына үш минут бөлінді.

Модератордың сұрақтарына жауап бергенде кандидаттар бұған дейінгі ұстанымдарын қайта бекемдеді. Байден Жоғарғы сот судьясын тағайындау мәселесін кейінге қалдыруды ұсынды. Ал Трамп бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Қазіргі Ақ үй басшысы қарсыласын елде 180 миллион азаматты жеке сақтандырудан айырмақ деп айыптады. Байден Трамп медициналық сақтандыруды кеңейткісі келіп отырған жоқ дейді. Сайыскерлер экономикалық дағдарыс пен індетке қарсы шаралар бойынша да бір-бірін сынға алды. 

Джо Байден, АҚШ президенттігіне үміткер:

– Ол коронавирустың қауіпті вирус екенін және жағдайдың осылай өрбитінін ақпан айында-ақ білген. Бірақ бірден қамданбады. Мұны халықты дүрліктірмеу үшін істедім дейді. Иә, халық емес, үрейге бой алдырған сенсің.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Біз қорғаныш киімдері, бетперде және тыныс алу аппараттарымен қамтамасыз еттік. Ал сен болсаң, мұндай аппараттарды таба да алмас едің. Бірнеше аптадан кейін вакцина да дайын болады. Дертпен күрес нәтижелі болып, өлім көрсеткіші азайды.

Пікірсайыстан кейін Fact Cheking-тің маңызы ерекше. Яғни Трамп пен Байденнің айтқан сөздерінің шындыққа қаншалықты жанасатынын тексеру процесі Fact Cheking деп аталады. Бұл жұмысты негізінен тәуелсіз мониторинг жасайтын, журналистік ұйымдар тексереді. Президенттік дебаттың алғашқы кезеңінде айтылған ақпараттың шын я өтірік болғаны екінші кезеңге, ең бастысы дауыс берушілердің шешіміне тікелей әсер етеді дейді мамандар. Яғни, жалған ақпарат берген қандидатқа сенім жоғалады деген сөз.

Друга Тегула, сарапшы:

– Қазір деректің ақ-қарасын тексеретін ұйым көп. Сондықтан бүгінгі дебатта қай үміткердің сөзі жалған болғанын анықтау қиындық туғызбас. Себебі Трамп та, Байден де бір-бірін өтірікші деп айыптады. Пікірсайыстың қорытындысын CNN арнасынан ертең-ақ білетін шығармыз.

Айта кету керек, жалпыхалықтық сауалнама Трамптың Байденнен артта келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен қандай да бір қорытынды шығаруға әлі ерте. Себебі 2016 жылғы сайлау көпшіліктің есінде. Сондықтан барлығы соңғы сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Бұл менің сөзім емес, сарапшылардың болжамы. Сөз соңында айта кетейін, президенттік пікірсайыстың екінші және үшінші кезеңдері қазанның 15-і мен 25-і өтеді. Айта кету керек, үшінші қарашада тек қана Президент қана емес, сондай ақ вице-президент және house of representatives яғни мәжілістің барлық депутаты да сайланады.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы