427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-тың отыз штаты індет ошағына айналды

  • 103
  • UPD: 14:06, 12.10.2020

Қауіпті вирустың қайта өршіп тұрғанын құрлық біткен түгел мойындаған секілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Америкаға оңай соғып тұрмағанын жергілікті сарапшылар жиі айтады.

Джон Хопкинс Университеті ұсынған дерекке сүйенсек, АҚШ-тың 33 штатында COVID-19 індетін жұқтырғандардың саны артып келеді. Яғни елдің оңтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде жағдай ушыға түскен. Вирусты жұқтырушылар Калифорния, Техас және Флорида штаттарында көп тіркелген. Өткен жұмада, бір тәуліктің ішінде 57 000-ға жуық адам вирусты жұқтырды. Бұл тамыз айынан бергі рекордтық көрсеткіш дейді мамандар. Бір ғана Монтана штатында он күннің ішінде 5 мыңнан астам адамның ковидпен ауырғаны анықталды. Орташа есеппен күніне 15 мыңға жуық америкалық қатерлі індетті жұқтырады екен. Сарапшылардың айтуынша, вирустың өршуі тоқталмаса, 330 миллионнан астам америкалықтардың өмірі қауіп-қатерде қала береді.

Мира Айронс, дәрігер:

– Біздің сараптамамыз бойынша, вирусты жұқтырғандардың ең жоғарғы көрсеткіші жаз айларында тіркелген еді. Сосын жағдай сәл жақсарғандай болды. Алайда қазір қайта ушығып келе жатыр. Қауіпті әрі дабыл қағатын жағдай. Аптасына орта есеппен 50-60 мың америкалық вирус жұқтырады екен. Қайтыс болғандар саны артып келеді. Мысалы, Висконсин тұрғындарының 20 пайызы індетті жұқтырып отыр. Сондай-ақ Айдахо және Докота сияқты штаттарда жағдай мәз емес.

Дәрігер Мира Айронстың айтуынша, жаңа оқу жылының басталуы және мейрамханалардың жаппай ашылуы індеттің таралуына тікелей әсер етуде. Қара күздің келуімен, тұмау маусымының басталуы да жағдайға әсер етті. Ал кейбір штаттардағы тестілеудің тежелуі ауырғандардың нақты санын анықтауға кедергі келтіріп отыр дейді мамандар.

Элисон Хэддок, дәрігер:

– Мектептер біресе ашылып, біресе жабылып жатыр. Техастағы жағдай мүлдем нашар, әсіресе айналасындағы елді мекендердің жағдайы. Менің ойымша, біз ең алдымен қоғамдағы ішкі тәртіпті дұрыстауымыз қажет. Вакцина туралы айтатын болсақ, оған да белгілі бір уақыт керек. Бір анығы вакцинаны асықтыру ретсіз. Барлық сынамаларды алып, жанама эффекттің болмауын қадағалауымыз қажет.

Өткен аптада Дональд Трамп вакцинаның жақын арада дайын болатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі осы жылдың соңына дейін вакцинаның 100 миллионнан астам дозаcы жасалып шығарылады деген. Тәуелсіз дәрігерлер бұл процестің одан да ұзақ созылуы әбден мүмкін дейді. Оның үстіне бірнеше сатыдан өтуі тиіс сынамалардың логистикалық қиындықтарға ұшырайтыны да белгілі дейді мамандар.

Талғат Алманов, тілші:

– АҚШ-тың бас иммунологы Энтони Фаучи күннің сууы вирустың таралуына тікелей әсер етеді дегенді айтады. Яғни жағдай бұдан да нашарлауы мүмкін деген сөз. Қазірдің өзінде, АҚШ бойынша вирусты жұқтырғандардың саны 8 миллионға жуықтап, көз жұмғандардың саны 214 мыңнан асып отыр. Бұл - әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Өкініштісі сол, ауырғандардың саны күн санап артып келеді.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы