423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузияның сыртқы саудасы құлдырады

  • 141
  • UPD: 21:59, 24.10.2020

Грузияда коронавирустың салдарынан сауда-саттық азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алда не болады? Оны тағы ешкім топшылап айта алмайды. Экономикалық сарапшылар болжауынша, жағдайдың қалай болары тек індеттің қарқынына байланысты.

Ал гүржі экспорттаушылары бүгінгі күнге тез бейімделіп, тығырықтан шығар жол іздеуде. Сыртқа саудада да өзгеріс бар. Соңғы екі жылда Грузияның басты экспорттаушысы Ресей болса, қазір алдыңғы орынған Қытай шыққан.

Коронавирус тек адам өміріне ғана қауіп болып тұрған жоқ. Экономиканы да қаусатып барады. Мәселен, Грузия. Мұнда қаңтар мен қыркүйек аралығында сыртқы сауда айналымы шамамен 15%-ке төмендеген.

Георгий Мжаванадзе, Iset Policy Institute аға зерттеушісі:

- Бұл алаңдарлық көрсеткіш. 2020 жылы экспорт та, импорт та төмендеп кетті. Экспорттың азаюы халық үшін де әсіресе, экспорттаушылар үшін жақсы емес. Індет кесірінен мұндай жағдай тек Грузияда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Бүгінде барлық елде дерлік экспорт азайған. Орташа есеппен алғанда ол 12%-ке төмендеген. Тек Қытайда ғана жағдай жақсы. Осы жылы Аспан асты елінде шетке сатылған тауарлар көлемі үш есеге өскен.

Ал Грузия импорты биылғы 9 айда шамамен 16%-ке төмендеді. Халықтың сатып алу қабілетінің нашарлауына бірінші кезекте коронавирус әсер еткен. Өйткені азаматтардың көбі табысынан айырылды. Сондықтан ел үкіметі коронавирустың екінші толқыны кезінде қатаң карантиндік шараларды енгізбеу туралы шешім қабылдады.

Георгий Гахария, Грузия премьер-министрі:

- Коронавирустың алғашқы толқыны кезінде біз бәрін дұрыс бағалап, локдаун жарияладық. Бірақ сол кезде елде қарапайым бетперденің өзі тапшы болғанын ұмытпауымыз керек. Бүкіл әлем вирус жайлы ештеңе білмеді. Сондықтан да қатаң шектеу шараларын енгізу қажет деп шешті. Уақыт өте вакцина пайда болып, вирустың көзі жойылады деп ойладық. Енді ғана коронавируспен күрестің ұзаққа созылатынын түсініп келеміз. Сәйкесінше, оған қарсы стратегиямыз да өзгеріп жатыр.

Бүгінде экспорттаушылар жағдайға бейімделіп, тығырықтан шығар жол іздеп әлек. Мәселен, қазір Грузиядан Қазақстанға минералды су мен ет өнімдері көптеп шығарылады. Бірақ шарап экспорты қысқарып, жаңғақ саудасы мүлдем тоқтаған. Жалпы алғанда Грузияның тек Қазақстанға жасаған экспортының өзі былтырғымен салыстырғанда 14,5 миллион долларға азайған.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы