431,93 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада Зеленскийдің партиясы жергілікті сайлауда жеңіліп қалды

  • 222
  • UPD: 15:27, 26.10.2020

Украинада өткен жексенбіде жергілікті сайлау өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің 24 облысы мен ауыл-аймағында жергілікті мәслихат депутаттары, қала мен ауылдың әкімдеріне жалпыхалықтық дауыс берілді. Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша ел басшысы Зеленский партиясынан Киевтің әкімдігіне үміткер жеңіліп қалған. Ал қала мәрі Кличко 51% жинаған.

Қазір тілшіміз Аида Қыдырбай тікелей байланыста карантин кезінде өткен сайлау жайлы толығырақ айтып береді.

Диктор:

- Аида, сайлау қалай ұйымдастырылды, дауыс берушілердің белсенділігі қандай?

Аида Қыдырбай, тілші:

- Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша дауыс берушілердің белсенділігі өте төмен болды. Сайлаушылардың 37%-і ғана жергілікті сайлауға қатысқан. Иә, атап өту керек, бір жыл бұрын Жоғары Рада парламентінде Зеленскийдің партиясы халықтың мол қолдауына ие болып, 450 депутаттың 248-і дәл осы «Слуга народа» партиясының атынан сайланған еді. Жексенбі күні Зеленскийдің партиясына мұндай қатты қолдау көрсетілген жоқ. Керісінше, қала мэрі Кличко әзірге 51% жинап, алдыңғы орында тұр. Соған қарағанда ол орнын сақтап қалатын сияқты. Оның «Удар» партиясы 22%-пен алда, одан кейін Порошенконың партиясы, оған сайлаушылардың 18,30% дауысы берілген. Үшінші орында Зеленскийдің «Слуга народа» партиясы, оған 10% дауыс берген. Дауыс беру кеше көбінісе, мектеп пен мәдениет үйлерінде ұйымдастырылды. Атап өту керек, Украинада коронавирустың беті әлі қайтар емес. Бір тәулікте дертті жұқтырғандар 7 мыңға жуықтайды. Сондықтан сайлаушылар арасында арақашықтық сақтау қажеттігі билік тарапынан көп айтылды. «Егер тәулігіне вирус 15 мың адамнан анықталатын болса, карантин талабы қатайып, шекара жабылуы мүмкін», - деп мәлімдеді ел президенті Владимир Зеленский. Украинаның денсаулық сақтау министрлігі вирусты емдеуде дәрігерлердің жетпей жатқанын айтады, COVID-пен күресте интерн мен медициналық оқу орындарының студенттерін жұмылдыру жоспарлануда.

Диктор:

- Аида, сайлаумен қатар президент Зеленский халыққа қосымша сұрақ қойыпты. Қандай сұрақ, оған тұрғындар қалай жауап берді?

Аида Қыдырбай, тілші:

- Иә, жексенбі күні жергілікті сайлаумен қатар президент Зеленскийдің арнаулы жәшігін да байқадық. Бұл жәшік сайлау учаскесінің сыртында қойылды. Бұл жұмысқа көбінесе еріктілер тартылды. «Президенттен бес сұрақ» деген деген жазу бар кішкене ғана қораптың сыртында. Сұрақтар тізімі мынандай: «Ірі көлемде пара алғандарды өмір бойы түрмеге қамауды қолдайсыз ба?» «Донбасс өңірінде еркін экономикалық аймақ болғанын қалайсыз ба, «Халық депутаттарының санын 400-ден 300-ге қысқарғанын құптайсыз ба, «Медциналық мақсаттағы канаббистің легализациясын қолдайсыз ба және Украинаның территориялық тұтастығын қалпына келтіру үшін Будапешт меморандумының қалпына келгенін құптайсыз ба?» деген сауал қойылды. Сайлаушылардың тек 30%-тен астамы ғана сұраққа жауап беруге белсенділік танытқан. Жауап бергендердің жартысынан көбі бес сұраққа оң жауап қайырған. Орталық сайлау комиссияның жергілікті сайлау бойынша нақты есептері мен еріктілердің Зеленский сұрағы бойынша жауаптары алдағы үш күнде дайын болады.

Хабар 24 телеарнасы