423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Армения, Әзербайжан және Ресей Таулы Карабах мәселесі бойынша келісімге қол қойды

  • 124
  • UPD: 15:58, 10.11.2020

Армения, Әзербайжан және Ресей Таулы Карабахтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Ресей президенті Владимир Путин және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мәлімдеді. Уағдаластық бүгіннен бастап күшіне енді. 

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей президенті Таулы Карабахтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімге қол қойды. Уағдаластық Таулы Карабахтағы дағдарысты жойып, армян мен әзербайжан халқының мүдделерін ескеріп, қолайлы жағдай туғызады деп сенемін.

Құжатқа сәйкес тараптар қазіргі позицияларында қалып, әскери тұтқындармен алмасуды бастайды. Ал аймаққа Ресей бітімгерлері орналастырылады. олар өңірде 5 жылға дейін қалып, тараптар қарсылық танытпаса мерзімі ұзартылуы мүмкін. Әзербайжан президенті Иьхам Әлиев өз кезегінде келісімнің бір тармағы Ресей мен Түркияның бірлескен бітімгерлік миссиясы туралы уағдаластық екенін атап өтті. 

Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:

- Мен өз тарапымнан бүгін Армения мен Әзербайжан арасында көп жылдан бері жалғасып келе жатқан қақтығыс шешілгеніне қуаныштымын. Біз ортақ шешімге келдік деп ойлаймын. Бұл уағдаластық аймақта бейбітшілік пен келісім орнатып, текетірес пен қантөгісті тоқтатады деп сенемін.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян болса, уағдаластыққа қатысты фейсбуктегі парақшасында өз мәлімдемесін жариялап, қазіргідей жағдайда бұл өте дұрыс шешім екенін айтты.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Уағдаластық біздің халық үшін жеңіл болмайтынын түсінемін. Бірақ мен мұндай шешімді әскери жағдайды терең зерделеп барып қабылдадым. Бұл қазіргідей жағдайда өте дұрыс қадам деп санаймын.

Армения премьер-министрі келісім туралы жариялай салысымен Ереванда толқулар басталды. Үкімет басшысының шешіміне наразылық танытқан жүздеген адам Еревандағы үкімет үйіне басып кіріп, парламент спикерін соққыға жықты.

Еске сала кетейік, Таулы Карабахтағы қақтығыс қыркүйектің 27-сінде басталған еді.

Хабар 24 телеарнасы