425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украина облыстарындағы емханалардың халі мүшкіл

  • 72
  • UPD: 13:05, 11.11.2020

Украинада бір тәулікте 10 179 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Зеленский және оның жұбайынан да қауіпті вирус табылды. Қазір олар оқшауланған. Бір күнде індеттен көз жұмғандар саны 200 адамға жуықтады. Медициналық мекемелердегі төсек орындарының 70% астамы толған. Билік перзентханалардың өзін коронавирусты емдеу орталығына айналдыруға мәжбүр.

Бұл бейнекөріністен Сумк өңіріндегі емхананың жағдайын көруге болады. Мемлекетке қарасты медициналық мекемедегі температура 11 градус қана. Бөлме ескірген әрі лас. Дәретханасында есік те жоқ. Тек жабу жауып қойған. Харьков облысындағы мына емханада коронавирустан емделіп жатқандардың жағдайы мәз емес. Күн санап Украинадағы вирус жұқтырғандардың саны артуда. Бір тәулікте коронавирус анықталған адам саны 11 мыңға жуықтады. Емханалардағы коронавирусқа арналған төсек-орындарының саны кей аудандарда 95% жетеді.

Юлия Борейко, дәрігер:

– Әсіресе, Украинаның батыс өңіріндегі емханалардың жағдайы нашар. Бұл аймақ Еуропаға жақын. Сондықтан олар қызыл аймаққа енеді. Бұл жердегі емханалардың 90-95%-ке жуығы қазір вирус жұқтырғандармен толған. Сондықтан аппарат және дәрі жетіспеушілігі байқалады. Перзентханалардың өзін коронавирустан емдеу орталығына ауыстырған жағдайлар бар. Украинадағы дәрігерлердің де жалақысы мардымсыз. Хирургтердің өзі 100 доллардай ғана айлық алады.

Жағдайдың ушығуына байланысты Украина билігі демалыс күндері карантин талабын күшейтуді көздеп отыр. Атап айтқанда, сенбі және жексенбіде ірі сауда орталықтары, спорт зал, фитнес, бассейн, мейрамхана және дәмханалар жұмыс істемейді. Дүйсенбіден бастап емханада жоспарланған операциялар кейінге шегерілмек: бұл талап жүкті әйелдер мен онкологиялық дертті жандарға ғана қатысы жоқ. Жақын аптада коронавирус жұқтырғандарға тағы да 100 мың төсек орындары пайдалануға берілмек.

Виктор Ляшко, Украинаның бас санитарлық дәрігері:

– Дүйсенбіден бастап жоспарлы түрде жасалатын операцияларды тоқтатуға мәжбүрміз. Коронавирус жұқтырғандардың жағдайы қиын. Сондықтан емханалар тек коронавирус ауруымен келген науқастарды емдеуге күш жұмсайтын болады.

Ал денсаулық сақтау министрлігі қоғамнан қарапайым сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Қоғамдық орындарда бетпердесіз жүрген адамға 255 гривень, яғни 9 долларға жуық айыппұл салынбақ. Мұнда бір тәулік ішінде қоғамдық тәртіпті қадағалаушы 700 полицейден коронавирус анықталған. Бір айта кетерлігі, осындай жағдайларға қарамастан, әсіресе Киевте түнгі думан жалғасып жатыр. Клубтар мен барлар, мейрамханалар санитарлық ережелерді сақтай бермейді. Ал оларды қадағалайтын инспекторлар да жетіспейді. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы