422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ыстамбұлда сақтық шаралары күшейтілді

  • 66
  • UPD: 22:06, 12.11.2020

Түркияда коронавирус індетінің таралуын шектеу үшін сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы айда вирус жұқтырғандар саны 2,5 есе артқан. Талап бәріне ортақ. Осындай ұстаныммен Түркияда коронавирус індетінің таралуын шектеу үшін сақтық шаралары күшейтілді. Елдегі тиісті органдар қоғамдық жерлерде үздіксіз рейд жүргізіп жатыр. Ірі провинцияларда соның ішінде Анкара мен Ыстамбұлда 65 жастан асқандарға арналған коменданттық сағат енгізілді. Оларға күндіз 10:00 мен 16:00 аралығында сыртқа шығуға тыйым салынған. Ережені бұзғандарға жұқпалы ауруға қарсы күреске тосқауыл жасағандығы үшін қылмыстық іс қозғалады.

Сондай-ақ ел көлемінде ашық алаңдарда темекі шегуге тыйым салынды. Бұған дейін аталған талап 14 провинцияда енгізілген. Енді ел және шетел азаматтары қалааралық сапарда, банк және бірқатар мемлекеттік және жекеменшік жерлерде коронавирустың таралу деңгейін қадағалайтын қосымша арқылы алынған «ХЭС» коды арқылы кіре алады. Егер қосымшада сіздің статусыңыз «қауіпті» немесе «аз қауіпті» деп белгіленсе, аталмыш мекендерге кіре алмайсыз.

Эпидемологиялық жағдайға келсек, елде қазірге дейін 400 мыңнан астам адам жұқпалы ауруға шалдықты. Оның 344 мыңы жазылып шықты. 11 мыңнан астам науқас көз жұмды.

Қазір бастауыш және 5-6-7-8-9 сынып оқушылары мектепте оқып жүр. Аптасына 2 күн қатынайды. Қалған күндері онлайн білім алады. Санаулы күннен кейін 1-тоқсанның демалысына шығады. Мектептерге байланысты қазір өзгеріс жоқ. Осылай жалғаса бермек. Ал университеттер әлі де қашықтан оқуды жалғастырып жүр. Тек кейбір ЖОО оффлайн форматқа көшкен.

 

АҚШ-та науқас саны артып барады

АҚШ-та да антирекорд. Бір күнде 146 мың адамға коронавирус диагнозы қойылған. Кей аймақтарда ауруға шалдыққандар тиісті медициналық көмек ала алмай отыр. Техас , Калифорния, Флорида мен Огайо штаттарындағы ахуал тіпті қиын. Жергілікті билік кей өңірлерде қосымша медициналық орталықтарды ашып, халықты бетперде киюге шақырады.

Майк Деуайн, Огайо штатының губернаторы:

– Эпидемияның ең шешуші кезіндеміз. Індеттің үшінші толқынын болдырмау үшін барымызды салуымыз керек. Көктемде барлық өндіріс орны жабылғаннан кейін аурудың таралуы сәл бәсеңдеген еді. Алайда шектеу шаралары жеңілдей салысымен жағдай күрт нашарлай бастады.

 

Испанияда карантин талаптары қатаңдатылды

Франция мен Италиядағы эпидемиологиялық ахуал күрделі. Бір тәулікте 35 мың француз азаматынан вирус анықталса, Апенин түбегінде 33 мың тұрғын індеттің ілмегіне ілінген. Салдарынан кей ауруханаларда орын тапшылығы байқалады.

Испанияның Андалусия аймағында да індеттің өршуіне байланысты тұрғындарды коронавирусқа қарсы жаппай тестілеу басталды. Шара бірқатар қалада өтті. Бұл аймақта бірер күн бұрын шектеу шаралары қатаңдатылып, коменданттық сағат енгізілді. Мейрамханалар мен дүкендер жабылып, өзге аймақтармен байланыс шектелген. Сонымен қатар 23 қарашадан бастап ел аумағына кіру тәртібі де қатаңдатылады.

Сальвадор Илья, Испания Денсаулық сақтау министрі:

– Індет өршіген елдерден келген азаматтар вирус жұқтырмағаны жайында ПТР анықтамасын ұсынуы тиіс. Бұл тәртіп Еуропадағы вирустың алдын алу және бақылау орталығы қызыл аймаққа жатқызған Одақ елдеріне де қолданылады. Ал үшінші мемлекеттерге қатысты айтар болсақ, олар соңғы 14 күнде індет жұқтыру дерегіне қатысты іріктеледі.

 

Германиядағы жансақтау бөлімдерінде орын жетіспеуі мүмкін

Берлин қаласы ауруханаларының жансақтау бөлімдері 84%-ке толған. Жақын арада Германияның өзге клиникаларында да жағдай осылай өрбиді деген қауіп бар. Сарапшылардың айтуынша, үш аптадан кейін елдегі жансақтау бөлімдерінде бос орын қалмауы мүмкін. Бұл ауруханалар алдын ала жоспарланған операцияларды жасай алмайтынын білдіреді. Оған қоса мамандар да жетіспей жүр. Дәрігерлер елде локдаун тым кеш енгізілді деп санайды. Соңғы бір тәулікте Германияда коронавирусты жұқтырудың 22 мыңнан аса дерегі тіркелді.

Бернд Шмидт, DRK ауруханасы бөлімінің бас дәрігері:

– Індеттің бірінші толқыны кезінде коронавирусқа шалдыққан науқастар үшін бір бөлімді толығымен босатқан едік. Оған қоса тағы да екі бөліміміз толып кетті. Мүмкіндіктеріміздің шегіне жеттік. Ауруы расталған науқастарды күдігі бар адамдардан оқшауландырамыз. Қызметкерлерімізге үлкен қысым түсіп тұр. Мәселен, әр бөлмеге кіру алдында киімін ауыстыруы тиіс. Сондықтан бізге қосымша мамандар керек.

 

Босния және Герцеговинада карантин талаптары қатаңдатылды

Ал Венгрияда коменданттық сағат енгізіліп, барлық мейрамхана мен барлар жабылды. 10 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер қашықтан оқу форматына көшті.

Коменданттық сағат Босния және Герцеговинада да жарияланды. Ел тұрғындары кешкі сағат 23:00-ден таңғы 05:00-ге дейін сыртқа шыға алмайды. Қоғамдық тамақтану орындары да жұмысын тоқтатты. Карантин талаптарын тәртіп сақшылары жіті қадағалап отыр.

Ал түнгі уақытта тек арнайы рұқсат қағазымен ғана сыртқа шығуға болады.

Хабар 24 телеарнасы