419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германияда локдаун мерзімі ұзартылды

  • 98
  • UPD: 23:26, 26.11.2020

Ресейдегі жағдай алаңдарлық. Ауру саны күн өткен сайын көбейіп барады.

Коронавирустан қайтыс болғандар да аз емес. Одан әрі кәрі құрлық елдері де тығырыққа тірелді. Жаңа жылға қарсы кей мемлекет карантинді жеңілдете бастаса, енді бірі локдаунды одан әрі күшейтіп әлек. Германия билігі жалпыұлттық карантин мерзімін ұзартты. Болгарияда төтенше жағдай режимі әлі де жалғасады. Ал Хорватияда вирус жұқтырғандардың саны күрт өсіп кеткен.

Осыдан бір ай бұрын Германия, Франция мен Ұлыбритания билігі жалпыұлттық карантин жариялаған еді. Алайда, ақпарат көздерінің хабарлауынша, қазір Германияда эпидемиологиялық ахуал күрделі болып тұрғанға ұқсайды.

 

Германияда локдаун мерзімі ұзартылды

Германия билігі коронавирусқа қарсы енгізілген карантинді желтоқсанның 20-сына дейін ұзартты. Шешім канцлер Ангела Меркель мен елдің 16 аймақ басшыларының кеңесінен кейін қабылданды. Оған індеттің таралуы бәсеңдемей, ауруханалардағы науқастар санының артуы себеп. Осыған байланысты елде жаңа шектеулер енгізілмек. Үкімет басшысы халықтан жеке кездесулерден бас тартып, компанияларды қашықтан жұмыс істеуге шақырды.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Қазір елде вирус жұқтыру дерегі біраз төмендеп, денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық азайды. Бірақ босаңсуға болмайды. Елде өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Соңғы бір тәулікте вирустан 410 адам көз жұмған. Ауруханалардағы интенсивті терапия бөлімінде науқастар көп.

 

Германияда жаңа антирекорд тіркелді

Германияда локдаун жарияланғанмен, коронавирус ырыққа көнбей тұр. Елде осы дерттен көз жұмғандар саны бойынша жаңа антирекорд тіркелді. Неміс дәрігерлері осыған алаңдаулы. Осыдан бір ай бұрын жансақтау бөлімдерінде 1100 адам жатса, қазір олардың саны 4 мыңға таяп қалды. Дәрігерлер ауыр халдегі науқастарды қабылдау үшін жоспарланған операцияларды кейінге қалдырып жатыр.

 

Болгарияда төтенше жағдай режимі ұзартылды

Болгария үкіметі елдегі төтенше жағдай режимін қаңтар айының соңына дейін ұзартты. Ал қарашаның 27-сінен бастап жартылай қатаң карантин енгізбек. Ереже желтоқсанның аяғына дейін өз күшінде. Жаңа талапқа сәйкес сауда орындары мен өзге де орталықтар жұмысын тоқтатады. Мейрамханалар мен дәмханалар тапсырысты үйге жеткізіп беру қызметіне көшеді. Барлық қоғамдық және мәдени іс-шараларға тыйым салынды. Үкімет өз шешімін жариялай салысымен Парламент алдына жүздеген адам жиналып, жаңа шектеулерге наразылық білдірді.

Асен Величков, шеруші:

– Үкімет қазіргі қатаң шектеулердің орнына әлеуметтік арақашықтық пен бетперде тағу сынды шараларды қамтитын жеңіл тыйымдар енгізуіне болар еді. Бірақ билік бүкіл халықты аштыққа душар ететін жолды таңдап отыр. Жаңа шектеулер халықтың әл-ауқатын одан әрі нашарлатады.

 

Хорватияда вирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Ал Хорватияда соңғы бір тәулікте 3500-ден астам адам вирус жұқтырып, елде жаңа тәуліктік антирекорд орнады. Салдарынан кей ауруханаларда орын жетпей жатыр. Мамандар науқастарды уақытша шатырларға орналастыруға мәжбүр. Елдегі індетттің күшеюіне байланысты билік шектеулерді қатаңдататынын мәлімдеді. Шара Рождество мерекесіне дейін созылуы мүмкін.

Ненад Куделик, дәрігер:

– Ауруханамызға түскен науқастардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Осыған байланыста уақытша шатырлар орнатуға мәжбүрміз. Медициналық орталықта орын босамайынша, адамдар сонда болады. Одан басқа амал жоқ.

 

Ресей әлемдік антирейтингтің бестігінде тұр

Ресей коронавирусқа қатысты әлемдік антирейтингтің бестігінде тұр. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты Мәскеуде шектеу шаралары ұзартылды.

Мәскеуде шектеу шаралары қаңтардың ортасына дейін ұзартылды. Бұрынғысынша созылмалы аурулары бар және жасы 65 жастан асқан тұрғындар мүмкіндігінше сыртқа шықпауы керек. Қаладағы компаниялардың үштен бірі қашықтан жұмыс істейді. 15 қаңтарға дейін балаларға арналған ойын-сауық орындары ашылмайды. Ал өнеркәсіптік кәсіпорындар, сауда және қызмет көрсету саласының ұйымдары жұмысын жалғастыра береді. Жалпы Ресейде эпидемиологиялық ахуал жақсармай тұр. Бір күнде 25 мыңнан аса адам вирус жұқтырып, кезекті антирекорд орнады. Үш күн қатарынан кісі өлімі бойынша антирекорд тіркеліп отыр. Кейінгі тәулікте 524 науқас көз жұмды. Билік дәрігерлерге қосымша ақы төленетінін жария айтты. Бұл туралы Үкіметте өткен онлайн отырыста премьер-министр мәлімдеді.

Михаил Мишустин, Ресей премьер-министрі:

– Дәрігерлер, фельдшерлер мен медбикелердің жұмысы қауырт. Өте ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеп жатыр. Өткен аптада ел президенті Үкіметке медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуді жалғастыру керек деген тапсырма берді. Енді оларға жылдың соңына дейін қосымша төлем жасау үшін тағы 10 млрд рубль бөлінді.

Дана Нұржан, тілші:

– Сонымен қатар ауруханаларда жұмыс істеп жүрген студенттерге де ақы төленетін болады. Ал бүгін Кремльде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация жұмысының басталу мерзімі айтылды. Жоспар бойынша шара Жаңа жылға дейін басталуы керек. Алайда екпе өз еркімен қабылдағысы келетіндерге ғана егілетін болады.

 

Қытайда барлар жұмысы тоқтады

Гонконгта коронавирус жұқтыру деректерінің артуына байланысты барлар мен түнгі клубтар тағы да жабыла бастады. Олар желтоқсанның 3-іне дейін қызмет көрсетпейді. «Жергілікті билік өкілдері коронавирус көрсеткішінің өсімі дәл осы мекемелердің жұмыс істеуімен байланысты», – дейді. Айта кетейік, індет басталғалы бері Гонконгта 5700-дей адам қауіпті инфекцияға шалдыққан.

– Мен биліктің бұл шешімімен келіспеймін. Аймақта вирустың белең алуы барлардың жұмыс істеуімен байланысты емес. Неге қайта жаба береді. Бұл әділетсіздік деп ойлаймын. Мына жағдайда біраз кәсіпкердің қалтасы қағылды.

– Бұл біз үшін күтпеген жаңалық болды. Жуырда ғана бәрі жақсы еді ғой. Вирустың таралуы біраз бәсеңдегендей болды.

 

Қытайда тағы 21 адам вирус жұқтырды

Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы тағы 21 адамның коронавирусқа шалдыққанын хабарлады. Олардың 12-сі сырттан келсе, қалған 9 адам инфекцияны ел ішінде жұқтырған.

Хабар 24 телеарнасы