420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайдың 6 ауданында коронавирусқа шалдыққан жаңа науқастар тіркелді

  • 145
  • UPD: 11:41, 15.12.2020

Екі аптаның ішінде Қытайдың 6 ауданында коронавирусқа шалдыққан жаңа науқастар тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәуліктің өзінде эпидемиологтар вирус жұқтырған 25 адамды анықтады.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Қытайда соңғы уақытта індетті ел ішінде жүріп жұқтыру дерегі күн сайын тіркелуде. Сарапшылар мұны бірінші кезекте әлемдегі жағдаймен байланыстырады. Қытайға сырттан келіп жұқтыратындар да баршылық. Бұл елге күн сайын жүздеген адам ұшып келеді. Бұдан басқа импортты тауарлар да жұқтыру себебіне айналып отыр. Осындай оқиғалар бірнеше аймақта тіркелді. Екінші себепке вирустың таралуына қолайлы жағдай тудыратын тұмау кезеңін жатқызуға болады. Мамандар бұл қалыпты құбылыс деп есептейді. Олар мұндай жекелеген мысалдар жалғаса береді дейді. Бірақ мамандар вирус бір аймақтан екінші аймаққа ауысу қаупін де жоққа шығармайды. Мәселен, Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданында жаңа деректер Турфанда тіркелді. Жергілікті билік қаладағы вирустың таралуының бұрынғы жағдаймен еш байланысы жоқ деп мәлімдеді.

Мин Гофу, Турфан қаласы денсаулық сақтау комитеті басшысының орынбасары:

– Вирус штампы Үрімші мен Қашғардағы бұрынғы түрлеріне ұқсамайды. Осылайша вирустың Шыңжаңның өз ішінде таралып жатыр айтуға еш негіз жоқ. Сондай-ақ бұл вирустың елдегі басқа жағдайлармен де еш байланысы жоқ.

Шыңжаңда да басқа аймақтардағы сияқты жаппай тестілеу жүргізілді. Кейде ішкі Моңғолиядағыдай, сынама 3 рет жасалды. Бұл шара кең көлемде жұқтыру дерегін тексеру үшін қажет болған.

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, бүгінде қытайлық 6 вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өткізіліп жатыр. Инактивті вакцинаның нәтижесі жақсы. Мысалы, «Sinopharm» компаниясы өз екпесін ел ішінде сынақ ретінде таратуды бастады. Оны төменгі температурада сақтап, тасымалдау аса маңызды. Бұл вакцинаны Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері ресми мақұлдады. Қытай екпесін Индонезия, Түркия, Бразилия мен Мексика да алады. Жыл аяғына дейін бұл ел 600 млн дозаға дейін өндірмек. Қазір жергілікті билік Қытай препараттарын COVAX сатып алу тізіміне қосқанын күтіп отыр. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцинаны барлық елдер үшін қолжетімді қылу үшін қабылдаған халықаралық бастамасы. Сонда Қытай екпесін дамушы елдер де ала алады.

Хабар 24 телеарнасы