421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Борис Джонсон британиялықтарды дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды

  • 103
  • UPD: 09:52, 23.12.2020

Коронавирустың жаңа штаммының кең таралуына байланысты Ұлыбритания тығырыққа тіреліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көптеген мемлекеттер Біріккен Корольдікпен әуе, кеме және теміржол қатынасын тоқтатып тастады. Салдарынан азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктері шекарадан өте алмай, дүкен сөрелері босап қалды. Борис Джонсон көрші мемлекеттердің бірінші басшыларымен мәселені тез арада оңынан шешуге тырысып бақты.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Кент графтығындағы бір жарым мыңнан астам жүк көлігі шекарадан өте алмай әлек. Олар көптен бері жабылып қалған аэродром алаңында және негізгі күре жолда қозғалыссыз тұр. Саяхатшылар да еркін жүріп-тұра алмайтындай жағдайға жетті. Жиырмадан астам ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. Премьер-министр Борис Джонсон төтенше үкімет комитетінің мүшелерімен басқосу өткізуге мәжбүр болды.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Біздің халықаралық достарымыз бен серіктестерімізге ағымнан жарылғым келеді. Біз сіздердің алаңдаушылықтарыңызды жақсы түсінеміз. Ұлыбритания үкіметі жаңа штаммның тез таралатындығы туралы хабардар болғаннан кейін барлық қажетті ақпаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жеткізді. Ертесіне Ұлыбританияда коронавирустың жаңа нұсқаның таралуын болдырмау үшін тез және маңызды шаралар қолға алынды.

Борис Джонсон британиялықтарды дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды. «Министрлер көлік қатынасын қалпына келтіру үшін барын салып жатыр» деп түсіндірді ол. Өнеркәсіптік топтар болса, «құрлықтық Еуропамен байланыстыратын жүк тасымалы қалпына келмесе, келесі аптада кейбір тамақ өнімдерінің жетіспеушілігі байқалатын болады» деп ескертті. Жергілікті халық та қол қусырып отырмады. Сауда үйлеріне барып, азық-түлікті артығымен ала бастады. Нәтижесінде ұзын-сонар кезектер пайда болды.

Блиц 1:

- Ақылдан адасуға болады. Мен мұнда Рождество дастарханына керегімді алайын деп таңғы жетіде келген едім. Бірақ сөрелер жартылай бос тұр.

Блиц 2:

- Адамдар көп шоғырланбасын деп кезекпен кіргізіп жатқандары ұнады. Бірақ биліктің Рождествоны отбасы болып, бірге атап өтуге тыйым салғаны және сөрелердің бос тұрғаны жарамады.

Ұлыбритания мен Франция жүк тасымалының қайта жандануына байланысты ортақ мәмілеге келген сияқты. Бірақ көлік жүргізушілерінің барлығы ковид сынамасын тапсырулары керек. Эпидемиологтар өз кезегінде коронавирустың жаңа штаммы алаңдатарлық жағдай екенін ескертіп, өте сақ болуға шақыруда.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Соңғы тәулікте Ұлыбританияда отыз жеті мыңға жуық адамның коронавирус жұқтырғаны, ал 700-дей науқастың індеттен қайтыс болғаны белгілі болып отыр. Бұл пандемия басталғалы бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі де қиын күндерді бастан кешуде. Тек Англияның өзінде ғана аурухана төсектерінің 90%-ке жуығы бос емес.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы