420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Египетте жаңажылдық сауық кештерін өткізуге қатаң тыйым салынды

  • 175
  • UPD: 08:37, 26.12.2020

Египет қонақ үйлері мен мейрамханаларында жаңажылдық сауық кештерін өткізуге қатаң тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіпті қадағалауға полицейлермен қатар тыңшылар да тартылды. Талапқа құлақ аспағандар лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Сауық кештерін өткізуге тыйым салынуы тек туристердің ғана емес, қонақ үй және мейрамхана иелерінің де көңіліне қаяу түсіргені сөзсіз. Мұнда соңғы уақытта демалушылар көп болмады. Кәсіпкерлер жаңажылдық мерекелерге үміт артқан еді. Ойын-сауық бағдарламаларын дайындаған. Әлемдік жұлдыздарды шақырған. Есеп бойынша Жаңа жылдың бір түнінде қонақ үйлер 3 айлық табыс табатын еді. Алайда билік жаппай ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салды.

Ибрагим Каха, қонақ үй менеджері:

- Егер мереке кезінде банкет ұйымдастыруға рұқсат берілсе де, шектеу шараларын алып тастауға болмас еді. Бұл демалушыларға ұнамасы анық. Мәселен, жұмыс уақыты қысқарар еді. Кальянға тыйым салынған. Қонақ саны шектеулі болар еді дегендей.

Алдағы демалыс кезінде Хургада қонақ үйлеріндегі адам сыйымдылығы 10%-тен аспауы тиіс. Тікелей әуе рейстерінің тоқтауына байланысты шипажайларда Ұлыбритания, Италия мен Франциядан келген туристер болмайды. Сондай-ақ Украина, Сербия, Беларусь, Венгрия мен Румыниядан да демалушылар аз болады деген болжам бар. Сөйтіп, қонақ үйлерге негізінен не жергілікті тұрғындар, не жақын елдерден келген туристер тоқтауы мүмкін. Жаңа жылда ережелердің бұзылмауын полицейлер қадағалайды. Одан бөлек, әр қонақ үйге бір тыңшыдан бекітілген. Егер ереже бұзылса, мейманхана иесіне ірі көлемдегі айыппұл салынады не лицензияынан айырылады.

Крикор Ораби, заңгер:

- Мекемелердегі ереженің сақталуын 300-ге жуық құқық қорғаушы қадағалайды. Оларды қонақтардан ажырату қиын болады. Өйткені қызметкерлер мейман ретінде орналасады. Полицейлер мекеме иесінің жұмысына кедергі жасауды көздемейді. Олар тек мерекеден кейін науқастардың көбейгенін қаламайды.

Жалпы бір жылда Мысырға келген шетелдіктер саны 13 миллионнан 3 миллионға дейін азайған екен. Алдын ала есеп бойынша шығын бір миллиард долларға бағаланып отыр. Ал, сарапшылар туризм саласы 2021 жылдың ортасына дейін қалпына келе қоймас деп топшылайды.

Авторлары: Жұлдыз Атагелдиева, Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад

Хабар 24 телеарнасы