422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетауда әлеуметтік жағынан аз қамтылған жүздеген отбасы баспаналы болмақ

  • 913
  • UPD: 13:06, 18.08.2017

Көкшетауда әлеуметтік баспаналар салынып жатыр.

Екі ай бұрын ғана «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Қазір олардың құрылысы қарқынды. Баспаналарды тұрғызуға ел қазынасынан, нақтырақ айтсақ, Ұлттық қордан 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Осылайша алдағы жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған жүздеген отбасы баспаналы болмақ.

Бұл үйлер бесқабатты болады. Әрқайсысында 40 пәтерден бар. Яғни 14 мың шаршы метрден асатын 320 пәтер келесі жылы кезектегілерге үлестіріледі. Қазір құрылысшылар күн райының қолайлы сәттерін пайдаланып, үйдің қабырғасын көтеріп алуға тырысып жатыр.

Владимир Пинчук, мердігер:

– Біз бір қабатты шамамен 10-12 күннің ішінде бітіреміз. Яғни күзге дейін қабырғасын көтеріп, шатырын жабамыз. Одан кейін есік, терезе салу мен ішкі әрлеу жұмыстары қалады. Қаражат жағынан ешқандай мәселе жоқ. Құрылыс материалдарын да дер кезінде жеткізіп отырмыз.

Ал бұл баспаналардың берілуін асыға күтіп жүрген адам көп. Мәселен, шаһарда 10 мың тұрғын пәтер кезегінде тұрса, оның 4 жарым мыңнан астамы осы әлеуметтік топқа жатады екен. Яғни зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес және көпбалалы отбасылар.

Рауан Оспанов, қалалық құрылыс бөлімі жетекшісінің орынбасары:

Осы жылға 1 млрд 232 млн теңге қаржы бөлінді. Ал жалпы құрылыс жұмыстары 2018 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Келесі жылы Көкшетау-Петропавл тасжолының бойынан тағы осындай 4 үй салынады.

Осылайша қалада соңғы жылдары құрылыс қарқын алып келеді. Өткен жылы шаһарда 11 мың шаршы метрден астам баспана ел игілігіне беріліпті.

Бұл – осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетау қаласының іргесінде пайда болған «Сарыарқа» шағын ауданы. Жаңа үйлердің барлығы осы жерден бой көтеріп жатыр. Қазір мұнда 10 тұрғын үй мен бір мектептің құрылысы жүргізілуде. Ал келесі жылы тағы 15 үйдің іргетасы қаланады. Ал олардың төртеуі осы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы