428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да егін орағы қызу жүріп жатыр

  • 893
  • UPD: 20:47, 03.09.2017

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында өткен жаздың құрғақ болғанына қарамастан шаруалар биыл қамбаның астыққа толатынын айтып отыр.

Атымтай жомарттығымен аты шыққан Мамырбек Қарашев басқаратын серіктестікке қарасты 7 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілген. Қазір науқан аяқталуға жақын.

Николай Либих, комбайншы:

– Біздің ауыл берекелі, базарға бармайды. Бәрін өзіміз өсіреміз. Нан да, ет те, сүт те ауылда өндіріледі. 10-нан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бір отбасының баласындай еңбек етудеміз. Мұның бәрі басшымыздың біліктілігінің арқасында деп білемін. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын.

Шаруашылықты 30 жылдан бері басқарып келе жатқан жетекші өткен ғасырдың 90-жылдары қиындықтар көп болғанын айтады.

Мамырбек Қарашев, шаруашылық жетекшісі:

– Ол кезде техникамыз да, жанармай да жоқ болды. Бүгінгі күні Елбасымыздың саясатының арқасында осындай күнге жетіп отырмыз. Халқымыз аман болып, ең бастысы береке-бірлікпен қоян-қолтықтасып, еңбек етейік.

Жерлестері Мамырбектің туған ауылына жасаған игі істерін айтып тауыса алмайды. Мешіт салып, спорт кешенін тұрғызған. Қазір мұндағы балалар волейбол, грек-рим, шаңғы спорттарынан облыс, республикалық деңгейде үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Кенжебай Нұрбаев, Көлденең орта мектебінің директоры:

– Өлім-жітім болса Мамырбек жүреді, жағдайы нашар отбасыларға да Мамырбек көмек көрсетіп жатады. Қар қалың түскенде көше-көшенің бәрін аршып, балалардың сабаққа келуіне жағдайды Мамырбек Қарашев жасап отырады. Мектеппен де тығыз байланыста, балалардың жарысқа баруына демеуші болып, автобусын беріп отырады.

Мамырбек Қарашев, шаруашылық жетекшісі:

– Келесі жылы Алла бұйырса, кішкентай зауыт салып, сүтті де өңдейік деп тұрмыз. Өзіміз сауып, өзіміз өңдеп, халықтың игілігіне берсек деп тұрмыз.

Шаруашылықтың астық сақтайтын қоймалары ғана емес, диірмені, наубайханасына дейін бар. Биылғы бидайдан пісірілген нан да жергілікті дүкенге түсіп үлгерді. Тұрғындар: «Өз нанымыз ерекше тәтті әрі ыстық. Береке мен бірліктің дәмін сеземіз», дейді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы