443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда өңіраралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

  • 1640
  • UPD: 12:08, 11.09.2017

Оған еліміздің солтүстігінен 4 бірдей облыстың өкілдері келді.

500-ден астам жұмыс беруші қатысқан шара «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылған.

Өңіраралық жәрмеңкеге жұмыс іздеген жүздеген жамбылдық келді. Гүлжан Таңатарова да жолдасы екеуіне жұмыс қарап жүр. «Төрт жылдай үйде отырып қалдық», – дейді 7 баланың анасы. Жолдасының мамандығына сәйкес Қостанай облысындағы мектептердің бірінен жұмыс табылды. Енді құжаттарын рәсімдеп отбасымен бірге қоныс аудармақ.

Гүлжан Таңатарова, Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны:

- Қазіргі таңда қай жерде жұмыс бар, сол жерге баруымыз керек. Жұмыс болып жатса, жағдайымызды жасаймыз деп отыр. Қазір әр адам басына 80 мың теңгеден субсидия төлейді екен. Жұмыспен қамтиды.

Еліміздің Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында мұғалім, медицина, инженер және жұмысшы мамандары тапшы. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына сұраныс жоғары. Бұл аймақтардың жұмыс берушілері 1 800-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды.

Серікхан Құрманов, Аққайнар ауылдық округінің әкімі:

- Істейтін жұмыстарымызды, қалай қарсы алатындығымызды, көші-қонды қалай ұйымдастыруға болатынын әңгімелеп айтып жатырмыз. Биылғы жылы Шығыс Қазақстанға 17 отбасы көшіп келген. Олар мемлекет тарапынан көмектерінің бәрін толық қабылдап алды. 4 отбасы қайтадан дайындық курстарынан өтті. Мамандықтарын жаңартты.

Жәрмеңкеге 300-ден астам жергілікті кәсіпкер 500-дей бос жұмыс орындарын ұсынды. Бірақ көпшілікті мемлекеттік жобаның шарттары қызықтырып отыр.

Жорабек Баубеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының басшысы:

- Қоныс аударамын деген азаматтардың отбасының әр мүшесіне 79 мың теңгеден мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Одан өзге жұмыс орындары беріледі. Жер телімі беріледі. Балалары болса, балабақша, мектеп бар, онымен толық қамтамасыз етіледі. Тұрғын үйді жалға алуға мемлекет тарапынан қолдау беріледі.

Жалпы биыл Жамбыл облысынан 88 адамнан құралған 19 отбасы қоныс аударуға ниет білдірген. Оның 17-і көшіп, толықтай орналасты. Ал өңіраралық жәрмеңке нәтижесінде тағы 28 отбасы құжат жинауға кірісті.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы