389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр

  • 861
  • UPD: 17:27, 26.09.2017

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған еліміздегі ең ірі жобаның бірі «Астана-Павлодар» бағытындағы жол құрылысы.

441 шақырымдық күре жолдың құрылысына бөлінген 280 млрд теңгенің күні бүгінге дейін 177 миллиарды игеріліп, 59 шақырымында көлік қозғалысы ашылды. Бұл аумақта Ертіс өзені арқылы өтетін 12 шақырымдық көпір де бар. Ал ирандық мердігерлердің салғырттығы салдарынан құрылысы тұралап қалған жол бөлігінде жұмыс қайта жанданды.

«Орталық-Шығыс» көлік дәлізі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының стратегиялық басымды бағыттарының біріне жатады. Оның шамамен 450 шақырымы Павлодар облысын басып өтеді. Бұл елорданы Шығыс Қазақстан арқылы Қытаймен жалғайтын күре жол. Бетон төселген жолдың 25-ші шақырымы бұл. Негізгі құрылысы аяқталған. Мердігер компания қазір абаттандыру жұмыстарымен айналысып жатыр.

Таңат Бексұлтанов, жоба жетекшісі:

- Бүгінгі таңда жұмысымыз 95%-ға аяқталды. Жұмыс осы жылдың 1 қарашасына дейін тапсырылады. Қазіргі кезде осы көлік айрығын жасап, кабельдер өткізіп жатырмыз.

Мергідерлер жол белгілерін орнатып, жарық өткізетін сымдарды тартып жатыр. Жыл соңына дейін автобан құрылысының жартысы аяқталады. Павлодар мен Екібастұз арасындағы жол екі бағытқа бірдей ашылады. Ал жолдың ортасындағы бітпей қалған бөлігін жүргізушілерге айналып өтуге тура келеді. Автобанның Қалқаман кенті арқылы өтетін жері ирандық компанияның салғырттығынан тоқтап қалған. Бір ай бұрын «ҚазАвтоЖол» басқа мердігер ұйымдармен жаңа келісімшартқа отырды.

Ақылбек Қабылдин, «ҚазАвтоЖол» АҚ» ҰК Павлодар филиалы директорының орынбасары:

- Тендер қайта өткізілді. Жаңа шыққан компаниялармен тамыз айында келісімдерге қол қойылған болатын. Олар осы қыркүйек айынан бастап іске кірісті. Қазір жұмыс белгіленген өндірістік кестеге сай жүріп жатыр.

Үстіміздегі жылы жол құрылысын жалғастыруға 106 млрд теңге қарастырылған. Бұл 230 шақырым автокөлік жолын қамтамасыз етеді. Ұзындығы 473 шақырымға созылып жатқан «Павлодар-Семей-Қалбатау» бөлігінің 171 шақырымы қолданысқа беріледі.

Амангелді Беков, ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Биыл осы 600 шақырымдай жол пайдалануға тапсырылатын болады. Елбасы айтты ғой: «Жол бар жерде тірлік бар», – деп. Жол болғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылады. Енді жол пайдаланушыларға қызмет көрсету керек. Ол – жолдағы сервистер. Ол – тамақтану, қонақ үйлер, техникалық көмек көрсету. Ең біріншіден, аймақтарды бір-бірімен қосу керек. Астананы әр өңірмен, Орталық, Шығыспен, Солтүстікпен қосатын жолдар.

Келер жылы еліміз бойынша жол салу жұмыстары 4 400 шақырымды қамтиды. Жауапты сала мамандары 2019 жылға дейін 6 мың шақырым жолмен қатынау ақылы болатынын айтады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы