389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жастайынан ел үшін еңбек еткен қария туған жердің киелі жерлер картасын жасады

  • 1809
  • UPD: 08:31, 27.11.2017

Туған ел деп тер төксең, еңбек еленбей қалмайды. Бұл өзі өскен өлкенің гүлденуі үшін тынбай қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көрген қостанайлық қария Әкімбек Қабденұлының өмірден түйген тұжырымы. Қаршадайынан қара жұмысқа араласқан ол, әлі де қоғам ісінің бел ортасында жүр. Жастарға үлгі көрсетіп, ел бірлігін нығайтуға үлес қосып келеді.

Еңбек ешқашан ұмытылмайды! Әулиекөлде қызмет еткен тұлғалар – аудандық музейдің құрмет тақтасында. Жас буынға үлгі болып жарқырап тұр. Осынау қастерлі тізімде Әкім Қабденұлының да есімі бар. Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ақсақалға құрмет оңайлықпен келген жоқ. 

Әкімбек Қабденұлы, Әулиекөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бес жасымыздан бастап еңбекке араластық, қозы бақтық, бұзау бақтық, масақ тердік, 4 сыныпты бітірісімен шөп жинауға кірістік, бізде балалық болған жоқ, бірден еңбекке араластық.

Ол мектеп бітірісімен ұстаз болып еңбек жолын бастады. Қызмет істей жүріп оқып, зооттехник мамандығын алды. Жоғары білімді жас маманға зор сенім артылды. Сол тұста Әулиекөлде жүріп жатқан селекция жұмыстарына жіберді.

Қапен Ақыбаев, еңбек ардагері: 

- Атақты Москолев совхозында бас зооттехник болды. Көкпекті деген бөлімшеде. Сол кезде қазақтың ақбас сиыры мен абердин-ангус, Францияның шоролье тұқымдарын буданданстырып, үлкен ет тұқымын шығаруға ол кісі араласты.

Уақыт оны қайнаған еңбектің қазанында пісірді. Басшылық ауданда артта қалған қандай шаруашылық бар, соған жұмсайтын. Табиғатынан тындырымды, еңбекқор, бір сөзді Әкімбек Қабденұлы сындардан сүрінбей өтті. Өмір деген шахмат ойынында жеңілген жоқ. Шаруашылықты өрге сүйреп, қызметте басшылық мансапқа көтерілді. Зейнетке шыққалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жастарға жөн нұсқап, кеңесін беріп отырады. 

Жансұлтан Тәукенов, Әулиекөл ауданының әкімі:

- Елдің ішіндегі бірлік, ақсақалдардың арасындағы ауыз бірлік, тиісті көкейтесті мәселені бірауыздан ақылдасып шешілуі, осының бәрі ардагерлер кеңесінің белсенді жұмыс істеуінің арқасында болып жатқан жемістер

Әкімбек Қабденұлы, Әулиекөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: 

- Ардагерлер жұмысында екі бағыт бар, бірінші әрине қарттарға әлеуметтік-тұрмыстық жағынан көмектесу, Екіншісі, ең бастысы – жастарды тәрбиелеу. Жастарды Отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, оларға бұрынғы тарих, шежірені естеріне салып тәрбиелеу.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына бірінші боп үн қосқандардың бірі де Әкімбек Қабденұлы. Ол аймақтың киелі орындар тізбесін жасап, өлке тарихын зерделеуге үлес қосып жүр,

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы